Табиғатпен тілдескен орманшы арулар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғатпен тілдескен орманшы арулар

06.03.2024

Қазақстан – орманы аз ел. Бүкіл ел аумағының ағашты өлкесі небәрі 5 пайызға жуықтайды. Сондықтан жасыл желекті аялап, көбейту қажет. Ал бұл міндет орманшылардың еншісінде. Қазіргі таңда өмірін осы салаға арнап, ел байлығын қызғыштай қорып жүрген арулар аз емес. 

Ормандағы тыныс-тіршілік бөлек. Қарбалас та, күйбең тіршілікте те жоқ. Орманшы ару Аида Жарқымбекованың осы салаға қызыққан себебі де сол. Бала кезінен тау-тасты аралап, аң-құсқа қамқорлық көрсетіп өскендіктен бұл жұмыс та қиынға соқпаған. Керісінше, қуат беріп, бақытқа бөлейді, - дейді ол.

Аида Жарқымбекова, орманшы:

Бала кезімнен орманға деген сүйіспеншілігім болды. Жануарларды күтуге, орманды бағып-қағуды бала кезімнен армандадым. Қазір міне, орман шебері болып жұмыс істеймін. Оған ешқандай өкінішім жоқ. Орманды жақсы көреміз.

Қыстың суығына да, жаздың ыстығына да төзіп жүрген орманшылардың жұмысы қауырт. Уақытпен санаспайды. Күн-түн демей бел жазбай еңбек етеді. Жабайы аң- құстарға да қамқорлық көрсетеді. Аумағы 130  мың гектарға жуық «Бурабай» ұлттық паркінде 100-ден астам науа қойылған. Орманшылар ол жерлерге пішен жинап, сыпыртқы буады. Жануарларға қажет қиыршық тұз да әзірлейді.

Гүлмира Павлова, Орманшы:

Міне жануарлардың азығын осылай дайындаймыз. Аптасына 2-3 рет таңертең ерте келеміз. Қиыршық тұз да саламыз. Онда оларға қажет барлық дәрумендер бар. Жабайы аңдарға, әсіресе, қыстың күні қиын. Азық таба алмай қалады. Сондықтан осылай қамқорлық көрсетеміз.

Қазіргі таңда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орман алқабын қорғаумен 250-ге тарта орманшы айналысады. Оның жиырмадан астамы бұрымды қыз-келіншектер. Олар адамзат баласының баға жетпес байлығын қызғыштай қорып, молайтуға барын салып жүр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу