Несиесін 90 күн төлей алмағандарға тұтынушы кредитін беруге тыйым салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Несиесін 90 күн төлей алмағандарға тұтынушы кредитін беруге тыйым салынбақ

06.03.2024

Енді несиесін 90 күн төлей алмағандарға тұтынушы кредитін беруге тыйым салынбақ. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісі отырысында айтылды. Өкінішке қарай, елімізде азаматтардың банк алдындағы несиелік борышы өсіп барады. Тіпті, 2019 жылы несие қарызы бойынша бір реттік рақымшылыққа ілінген азаматтар қайтадан несие алып, олардың арасында сол несиені төлемей жүргендер көп екен. Ұсынылып жатқан заң жобасында қандай өзгерістер бар? Тілші біліп қайтты.

Бүгін мәжілісте көтерілген мәселе көп. Өзектісі – несие. Екінші деңгейлі банктер туралы екінші кезекте айтармыз. Әуелігі түйткіл - айызы қанғанша пайызын қоятын микроқаржы ұйымдары жығылғанға жұдырық болып тұр. Шағын несиеден үлкен мәлесе туындап жатыр. Еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Ал, коллектордың әр сөзіне корректор керек екенін білесіз. Заң жобасы оқылды, талқыланды. 91 депутаттың 87-сі құжатты жақтап, бірі қарсы болып, үшеуі қалыс қалған. Соның бірі – Нартай Аралбайұлы.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл заң әлі пісіруді талап етеді. Және мен айтқан жекелеген адамдардың кредитін коллекторларға сатуды мүлдем доғару керек деп ойлаймын. Менің нормам үйкіметтің қорытындысы келгеннен кейін қайтадан бердім жұмыс тобына, әлі күнге дейіін тұр. Бірақ, олардың әкелген нұсқаларына менің көңілім толмайды. бұл бір, екіншісі 56 пайыздық үстемені төмендету керек деп санаймын.

Әзірге кредиттің төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылды. Жалпы, қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиті бойынша берешектің орташа деңгейі — шамамен 1,5 млн теңге. Оның ішінде 500 мыңға жуық жастың тұтынушылық кредиті бар. Бұған дейін 18 жасар студенттің табысы болмаса да, банктер кредит беретін, енді бермейді.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

Бұрын олар ресми түрде табысы болмаса да кредит ала беретін. Енді шәкіртақысы не жалақысы, яғни ресми табысы болса ғана беріледі. Жалпы, кредит алу — адамның конституциялық құқығы. Дегенмен, оның табысына байланысты шектеу қоя аламыз.

Жалпы, қазақстандықтардың қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі шамадан тыс көбейіп кетті. Сондықтан талқыланып жатқан заң жобасы бойынша енді несиесін 90 күн төлей алмағандарға тұтынушы кредитін беруге тыйым салынбақ.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу