Жетісу облысы аудан орталықтар біртіндеп табиғи газға қосыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы аудан орталықтар біртіндеп табиғи газға қосыла бастады

07.03.2024

Жетісу облысы Үштөбе қаласының тұрғындары біртіндеп табиғи газға қосыла бастады. Қаратал ауданының орталығында 40 мыңнан астам халық тұрады. Басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында. Сондықтан бұл шаһарға көгілдір отын жүргізу экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді. Қалаға 131 шақырым құбыр тартылып, газ таратушы қондырғылар орнатылды. Жыл басынан бері облыс бойынша бес ауылға көгілдір отын тартылды.

Александр Картавцов, Үштөбе қаласының тұрғыны:

Жылына жеті айдай көмір тасып пеш жағатын шығармыз. Бұл бір отбасы үшін үлкен шығын. Көмірдің бір тоннасы 20 мың теңге. Табиғи газ біз үшін ғана емес, бүкіл қала тұрғындары үшін үлкен жеңілдік деп ойлаймын. 

Дәл осы Үштөбе қаласына газбен жанатын алғашқы блокты-модульді қазандық орнатылды. Заманауи пеш бұрынғы қазандыққа қарағанда үш есе артық жылу өндіреді. 120 мың шаршы метр аумақты жылытуға қауқарлы. Қазірдің өзінде бұл қазандықтан 10-нан астам көпқабатты үй мен ғимарат жылу көзін алып отыр. Жалпы Жетісу облысын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысы қарқынды жалғасып келеді. Жыл соңына дейін 30 елді-мекенге көгілдір отын кіргізу жоспарланған.

Айдос Бекетаев, Облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

62 жоба бізде дайын тұр. Өйткені біздің мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жетісу өңірі газдандырылсын деген. 2025 жылдың соңына дейін біз Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін 126 елді мекенге табиғи газ беруіміз керек.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу