Солтүстік Қазақстан облысында 172 жылқының өлексесі табылды. Мамандардың айтуынша, оның 10 басы Уәлиханов ауданының тұрғындарына тиесілі. Қалғаны көршілес Ақмола және Павлодар облыстарының жылқылары. Сонымен қатар, Тайынша және Ақжар аудандарында тебінде жүрген жылқылар қырылып жатыр. Оған қолайсыз ауа райы себеп. Жауапты орган өкілдері аудан тұрғындарына арзан жем-шөп жеткізіліп жатқанын айтты.
Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария департаментінің баспасөз хатшысы:
Барлық өлекселер өртелді. Айта кеткен жөн, бұл ауру болмағандықтан, ешқандай да материалдық шығын қарастырылмаған.
АРЗАН БАҒАДА МАЛ АЗЫҒЫ ЖЕТКІЗІЛІП ЖАТЫР
Ақмола облысында да көк мұзда тебіндей алмаған жылқыларын қолға алған тұрғындарға арзан бағада мал азығы жеткізіліп жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, қазір Зеренді ауданына қарасты екі ауылдың халқына 30 тоннаға жуық сабан әкелінген. Оның бір орамы он мың теңгеден саудаланып жатыр. Сондай-ақ, жоғалған малды іздеуге арнайы техникалар да жұмылдырылған. Жалпы, облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазірге дейін өңірде тебіндей алмай аштықтан жүздеген жылқы қырылып қалған.
Нұржан Кенжеғалиев, Қызылсая ауылының тұрғыны:
Жылқыға қиын болып жатыр. Жылқының бәрі арық. Қар қалың, Жылқыларды жинай алмай жатыр жылқышылар. Сол осындай қиындық болып жатыр. Сол бес рулон алдық. Сол енді ақырын-ақырыын беріп, күн көріп жатырмыз.