Тарихи орынды жаңғырту жұмысы тоқтап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тарихи орынды жаңғырту жұмысы тоқтап тұр

09.03.2024

Ордабасы тауындағы әйгілі үш бидің алып ескерткішінің құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Сондай-ақ ұлттық тарихи-мәдени қорық аумағының туристік әлеуетін арттыру мақсатында 1 миллиард-тан астам теңгеге салынып жатқан сапар орталығының құрылысы да созылып кетті.

Әйгілі үш бидің 17 метрлік мүсіні тұғырға қонғалы 7 жыл өтті. Содан бері одан өзге ешнәрсе істелген емес. Бетоннан құйылған тұғыр сол күйі қапталмады. Жол төселмеді. Үш абыздың тіпті аты-жөні де жазылмады. Ескерткіштің етегіндегі сахна болады деген жер саз қалпында қалды.

Ғалымжан Шеңгелов, қорықтың саяхат жетекшісі:

Сырты мрамормен қаршалмаса, сыртқы жақтаулары жабылмаса әрине зиян келеді. Өйткені қыста қарымыз бар, көктем мен күзде жаңбыр. Оның бір жеріне болмаса, біріне зиян тиіп жатыр.

1726 жылы исі қазақтың басын қосып, ерді ерлікке, елді елдікке бастаған киелі мекен қазір шашылып жатқан құрылыс материалдарының орны.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Мынау жоңғар шапқыншыларына тойтарыс беру үшін Ордабасыға жиылған қазақтың үш жүзінің батыр-баһадүрлері өз елінен алып келген бір уыс топырағынан жинақталған «Бірлік» төбе. Биіктігі 18 метр. Жоба бойынша бұл жерге еліміздің көк Туы орнатылуы керек еді. Алайда іс аяқсыз қалып, төбе жауын мен қар суына шыдас бермей мынадай жыра-жыра болып, күн өткен сайын төмендеп барады.

Аумағы 87 гектар болатын қорық ішінен туристерге арналған Сапар орталығы құрылысының басталғанына да үш жылдан асып барады. Алғашында 1 миллиард 600 мың теңге ақша жұмсалды. Қонақ бөлмелері, асхана мен мәжіліс залы бар көпқабатты ғимарат бой түзеді. Аймақты көгалдандыру үшін су жүйелері тартылды. Жарық жүргізілді. Енді бұл іс те аяқсыз қалып тұр. Өйткені жобаға бөлінген қаржы әлі толық берілмеген.

Фатима Тәшімова, Ордабасы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Мердігердің айтуынша биылғы жылға ақапарат министрілігі биылғы даму бағдарламасына енгізген болса қалған қаржысын софинансирование жасап, қосымша қаржы қарап берсе, биылғы жылы қолданысқа беріледі.

Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы еліміздің Ақпарат және мәдениет министрілігінің қарамағында. Тарихи орын уақытша аудан әкімдігінің басқаруына берілген.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу