Өткен апталарда кей облыста жылқы қырылғаны туралы ақпар дүркін-дүркін шықты. Ақмола, Қарағанды, Ұлытау облыстарында. Атқарушы билік, қырылған малдың иелері қысқа дайындалмаған деген уәж айтты. Жем-шөпті жеткілікті толтырып қоймаған дегендері. Жылқылар қатқан қарда тебіндей алмай, аштықтан бұратылып өлген. Біз мал жайын білетін адамдармен сөйлескенде, рас, кей азамат жаздыгүні азық дайындаудың орнына қолына артық ақша түссе, артық етпейді деп мал сатып алады.
Ал ол малдың қыста қорегі не болады деп алдағы күнін ойлай қоймайды деді. Сақтандыру туралы сұрап едік, күлді. Ондай дәстүр жоқ деп ащы күлді. Әрине, мұның бәрі жеке адамдарның субьективті пікірі. Дегенмен неге біз осы проблема туса ғана аттандап шығамыз. Түбегейлі шешу жолдарын қарастырмаймыз. Бірақ ол проблеманың уақыт аралатып қайта туатынын білеміз. Дегенмен жылқының қырылғаны обал. Иелеріне де жаның ашиды. Елдос Есенбол Ұлытау облысына барып, шаруа адамын тыңдады.
Елдос Есенбол,тілші:
Қазанат әуелде құт болатын еді. Енді жұт болып жатыр. Кешегі төрт аяғын тең басқан тұлпар да, оның иесі де бүгінде дәл осындай шарасыз күйде.
Болат Түсіпов, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Бұл ауылдың негізгі дені жылқымен айналысады. Бұл жерде негізінен енді көбіне сіздер сырттай естіп жатасыздар Жаңаарқаның қымызы деген. Нағыз Жаңаарқаның қымызының ортасында тұрсыздар. Қазір осы Түгіскен, Қызылжар, Ералалиев деген ауылдар Жаңаарқа қымызының брендін көтеріп тұрған қымыздардың бірі.
Бірақ биыл Жаңаарқа жұрты қымыздың қамын емес, қолдағы малын ойлап алаң.
Файзулла Жангелдин, Шаруа қожалығының басшысы:
Қаңтардың ортасына дейін тамаша жайылып жүрген мал аяқ асты келді де шамалы қардың үстінен бір сөтке жауын жауды. Одан кейін ылғал қар жауды. Содан кейін оңтүстіктен батысқа қарай үскірік жел тұрды да жылқының бәрі Ақмола жаққа қарай ықты.
Ақ қар жамылған көк мұзда жылқы біткен тебіндей алмай майтабаны жарылып, тұрған жерінде қисайып жатыр. Шаруалардың сөзінше әкімдіктегілер: «Қар астында қалған шөпті техникамен аршып алып беріңдер » деген екен.
Файзулла Жангелдин, Шаруа қожалығының басшысы:
Қар жұп-жұқа. Тамаша. Он-ақ сантиметр. Ал осы жерден маған шөп тауып беріңіздер. Міне, көк айна мұз. Міне көріп тұрсыздар ма? Мұны ұлтан дейді. Тебіндік болып қалған.
«Қолда бар малын қырып алғандар, қысқа қамданбағандар» дейтіндер де бар. Бірақ сайманын сайлап, жем-шөбін жайлап қойғандар да малын аман сақтай алмаған.
Нариман Шаймерденов, Шаруа қожалығының басшысы:
Төрт жүз тонна шөп түсіргенбіз. Тюкпенен жоңышқаларды есептемегенде. Екі рулон шөбіміз бар тұғын. Бітті.
Әшейінде қорада ұстамайтын жылқыны үйіне кіргізгендер де бар.
Әбусағит Әбдікер , Ұлытау облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
Малым қырылды деп заң талабына сәйкес өтініш жасаған немесе келіп обращение жасаған адам жоқ. Өйткені ондай обращение болған кезде малдың өлгеніне фиксация жасауымыз керек. Жалпы халықтың арасында «өліп жатыр» деген әңгімелер айтылады. Тағы қайталап айтам заявление түскен жоқ.
Бағлан Аймырзаев, АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы:
Олар өз малдарын сақтандыратын болса оның бюджет есебінен 80 пайызын өтеуге болатын еді. Енді көріп отырмыз ғой, малдың иелері жоқ. Базада тіркелмеген. Сол себептен шығынын өтеу мүмкін емес. бұл жерде әрбір мал иесінің өзінің жауапкершілігі. Уақытылы оны сақтандырған болса, жемшөп базасын қалыптастыратын болса мұндай жағдай болмаушы еді. Қазіргі көріп отырған жағдай бойынша төтенше жағдай жариялаудың ешқандай негізі жоқ
Негізі малды бірыңғай базаға тіркеудің құны да соншалықты қымбат емес.
Файзулла Жангелдин, Шаруа қожалығының басшысы:
Күре тамырдың мына несінен егеді. Дүкенде магазиннен алғанда шиқ еткізеді ғой. Сол сияқты мына желке тұсына келгенде малыңыздың нөмірі. Тіркелген несі бәрі шығады.Оның құны 800 теңге.
Жарылқасын Құлжабаев, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Азотта, азоттаңдар деп бір жылқыға мың теңгеден бастырғанбыз. Ол өкіметтің адам келіп өзі басқан. Одан кейін бір-екі жылдан кейін азотты алып тастап чип қылыңдар деді. Ал чипті өз басым көргенім де жоқ. Өйткені біз келді деп, кетті дегенді естиміз. Основной үлкен фермерлерге барады. Ауылдың қарапайым кісілеріне келе қоймайды ол кісілер.
Ал кей шаруалардың сөзінше азаматтардың малын бірыңғай базаға тіркемеуінің себебі мынада болуы мүмкін.
Мұхамедқали Бекенбаев, Шопан Ата ұлттық агроқозғалысының қарағанды облысы бойынша төрағасы:
Трассаның бойы болғаннан кейін мәшне қағып кетеді, иә жаңағы пойыз қағып кетеді. Сол кезде жылқы болсын, ірі қара болсын, өтемақысын малдың хозяннан сұрайды.
Шералы Тоқтыбаев, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Қорқады ғой. Неге қорықпаймыз. Ертең анау машинасын басып кетсе де оны жөндетуге қаншама не кетеді. Тепловоздың да алдындағы заттарының бәрі қымбат. Оның өзі қаншама штраф. Төлеп те жатамыз. Төледік та.
Азаматтар төрт аяқтыны аман алып қалу үшін қалтадағы қаражатын, әшейінде мәпелеп мінетін мәшнесін де аяп қалып жатырған жоқ.
Дүйсенғали Байтұрсынов, Қызылжар ауылының тұрғыны:
Жеңіл мәшненің артына шөп тиеп жүрсіздер? Осылай тиеп күніне екі рейстен да барып жүрміз. Енді малымызды өлтіріп қоймаймыз ғой.
Файзулла Жангелдин, Шаруа қожалығының басшысы:
Мен 75-76 жылғы жұтты көрдім. 71-72-нің жұтын көрдім. Ол уақытта мен жас баламын. Сол уақытта Ақмола облысының 6 совхозы келді. Сонда мен жаспын. 15-16 дамын. Сол кісіге жем түсірген бала жігітпін сол уақытта көргем. Сонда вертолетпен, самолетпен колона-колона шөп,колона-колона жем келген. Үкіметтің тарабынан.
Дәл қазіргі қысылтаяң шақта да: «Үкімет арзан жем-шөппен көмек қолын созса» деген назы бар шаруалардың. Себебі: «Жал-құйрықтыға субсидия алып та жарытпаймыз» дейді олар.
Сайлау Әбілов, Шаруа қожалығының басшысы:
Жылқыға вообще субсидия берілмейді. Неге? Шошқаға бәленбай миллион береді. Ал жылқыға түк бермейді. Сонда не орысты шошқасы жақсы да, біздің жылқы арам ба сүті сонда?
Мұхамедқали Бекенбаев, Шопан Ата ұлттық агроқозғалысының қарағанды облысы бойынша төрағасы:
Жылқының аузы жоқ, қойдың да аузы жоқ. Ірі қараға итке сүйек лақтырғандай 13 мың теңге берді. Ал шошқаға келсек, шошқаға бұл кісілер 40 мың теңге бөлді. Сол кезде мен ойлаймын қай әкімнің дастарханында шошқаның еті тұр екен?
Жылқы ұстағандардың ендігі үміті көктемде.«Көкке аузы іліксе түлігіміз күйленіп кете ме...» деп үміттенеді. Бірақ: «Тоя жеп көтерем бола ма..?» деген де қауіптері жоқ емес. Не де болса осы жұт Үкіметке де, қарапайым азаматтарға да сабақ болса болғаны. Әйтпесе құрыққа бой бермейтін асаулардың мынадай халге түскені расында да аянышты.
Елдос Есенбол