Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлаудың бірізді жүйесі жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлаудың бірізді жүйесі жоқ

10.03.2024

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» - Абай. Нені меңзеп тұрмыз? Наурыз! Биыл қалай атап өтеміз? Халықтың да, Президенттің де бұл тамаша мерекені мазмұнды, мағыналы етіп өткізу туралы айтып жүргені бүгін емес. Мемлекет басшысы «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» дегеніне бірнеше жыл. Иә, бізде Наурызды мерекелеу концепциясы әлі жоқ. Наурыз мейрамын атап өту жүйесі жоқ.

Мысалы, Иранда бұл күндері Тегеранда, жалпы қалаларда адам қалмайды екен. Бәрі ауылға барып, кіндік қаны тамған жерлерге жетіп, ата-әжелеріне сәлем береді. Қазақстанда ұлттық дәстүрден ажырамаған отбасылар ғана наурыз көже пісіреді. Үй ішін, ауланы тазалап, жаңалайды», – дейді қайраткер Оразгүл Асанғазы. Әрине, мерекеге орай біреуге өйт-бүйт дей алмайсың.

Алайда біз ұлттық идентификацияны жоғалтқымыз келмейді дейміз, оның тамаша бір жолы – Наурызды түйсіну. Наурызды оянатын, тірлік қылатын, еңбектенуден шаршамайтын, тал егетін және үлкендердің батасын алып, іштей бір үйлесімге түсетін сәттің бастауы деп қабылдау. Мәдениеттанушы, жалпы, осы тақырыпта айтары бар азаматтар не дейді? Бұл бір. Екіншіден, әкімдіктердің жоспары қандай? Серік Жұмабектің материалы. 

Ұлыстың ұлы күні әз наурыз мейрамын қазақ «жыл басы»,- деп атайды. Бірақ, қызығы да сол елдің Батысы мен Шығысы жаңа жылды әртүрлі уақытта қарсы алады. Мысалы, Батыс 14-де, ал Шығыс 21- де мерекелейді. Яғни, бірізділік жоқ. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тұжырымдама дайындауға тапсырма берген. Одан бері де 3 жыл өтті, нәтиже көңіл көншітпейді.

Серік Ерғали, Мәдениеттанушы:

Бұны айтып жазғанымызға, оны «Nauryz Fest» деп атап фестиваль түріне айналдырғанымызға 2009 жылдан бастағанда 13 жыл болады. Баланың бір мүшел жасы, әлі күнге дейін ешқандай өзгеріс жоқ. Мәдениет министрлігіне соңғы 10 жыл бойы жазып келе жатырмын.

Қазір «наурыз мейрамын қай күнінен бастау керек?»,- деген сұрақ күн тәртібінде тұр. Бұл тұрғыда ұлыс күнін тойлауды 21-інде емес, 14 наурызда бастау керек деген ұсыныс жиі айтылады. Оған нақты дәлелдер де бар.

Серік Ерғали, Мәдениеттанушы:

Біріншіден қазақтың философы, А. Құнанбаевтың інісі, ақын, бүкіл шығыстың ілімдерін оқып тастаған, орысша-қазақша жақсы білген, парсыша жақсы білген Ш. Құдайбердіұлы баласына айтып кетіп отыр. Бірінші наурыз, қазіргіше 14 наурыз қазақтың жаңа жылы дейді. М. Көпеев 14 мен 21 арасында Бұхардағы ресми мерекеге қатысып, ол жазып отыр. Біз кері кетіп қалдық, мәңгүрттеніп қалдық. Енді сол мәңгүрттігімізді ашу үшін көп нәрсені дәлелдеп отыруымыз керек осылай мыжып.

Бұл бағытта арнайы тұжырымдама да дайындаған. Бірақ, естір құлаққа есті ұсыныс жетпей жатқан көрінеді. Зерттеуші Серік Ерғали дайын тұжырымдаманы тегін-ақ беретін едім, өздері ақшаға тіреп жұмыс аяқсыз қалды деп қапаланады. Наурызды өткізудің нақты формасы болмағасын қазір өңірлерде Ұлыс күнін ұлықтауға байланысты түрлі талқылаулар өтіп жатыр. Апта басында Атырауда өткен жиын соның дәлелі.

Темірбек Мұхтаров, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «құрмет» орденінің иегері:

Тойланудың өзі қандайда бір жаттанды, ресми белең алып бара жатқан жоқ па деген алаңдаушылықтар айтылды. Шағын кигіз үйлер тігіп алаңдарға сонымен ғана шектеліп қалады да, халық өзі одан оқшауланып, концерт көруге немесе бір көже ішіп кетуге жиналатын, бауырсақ жеуге жиналатын сияқты болып бара жатқан жоқ па деген алаңдаушылықтарды айтты ағаларымыз.

Ал биыл 200- ден астам шара ұйымдастыруды жоспарлап отырған Ақтау жұрты әдетінше ұлыс күнін 14 наурызда бастамақ. Өңір жыл сайын мерекені жаңа сипатта қарсы алуға тырысады.

Гүлзайда Төлеуғалиева, Облыстық мәдениет архивтері және құжаттама ісі басқармасы басшысының орынбасары:

14-нен басталып сонау 22 дейін әрбір күн білгілі бір атаулармен аталып өтіледі. Мысалға, бір күн ұлттық киім кию күні, бір күн үлкендерден бата алу күні, тағы бір күн ұлттық тағам күні деген сиықты. 22 наурызға дейін солай бөліп, белгіленіп оған барлық жаста, кәріде, барлық мекемелерде тартылып жатыр.

Қысқасы, наурызды нақты қай күннен бастап мерекелеу керек деген сұраққа қатысты ұсыныс бар, нақты шешім жоқ. Ендігі мәселе, ұлыс күнін қанша күн тойлаймыз?. 3 күн, әлде 10 күн. Бұл, жерде де пікір қайшылығы бар.

Серік Ерғали, Мәдениеттанушы:

Айналасы 9 күннің ішінде қазақтың кім екенін галактикаға жеткізуге болады. Сондықтан мен 9 күндік фестиваль түрінде ұсынып отырмын.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

Еуропа халықтары өзінің рождествосын кемінде 10 күн тойлайды. Сол сияқты наурызды да 10 күн тойлайтын жасауға болады. Бірақ, бұл жерде бір мәселе күн мен түннің теңелетін уақыты 21 мен 22 болғандықтан, сол 21 мен 22 күні наурыз ретінде барлық жерде бір күн аталғаны дұрыс деп есептеймін. Кейбір облыстар бізде күн суық, қар жатыр, жер көгермейді деген сылтаумен мамырға, маусымға ауыстырып жіберіп жатады. Ол кезде оның қызығы да, мәні де кетіп қалады. Қанша кигіз үй тігіңіз, болмаса алтыбақан орнатыңыз ол кезде ол наурыз болмайды. Наурыз наурыз күні болу керек.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын, этнограф, жазушы:

Маған ол 10 күн тойлауда көптік етпейді деп ойлаймын. Себебі, жаңа жылды өзіміздің көрші мемлекеттер бір апталық, он күндік демалыс беріп тастап тұтас мемлекеттің халқы соны бір ерекше тойлайды ғой. Сол секілді тойланса да ол ешқандай артық етпейді.

Иә, бір ай бойы наурыз тойын тойлаудың мүмкін еместігін жұрт біледі. Сол үшін де берісі 1 апта, әрісі 10 күндік меже ұсынылып отыр.

Серік Жұмабек, тілші:

Келесі мәселе, Наурыз мейрамын мерекелеудің нақты тәртібін бекітіп, оның нақыштарын айқындау. Өйткені, этнографтар кейбір ұлттық ойындар мен дәстүрлерді наурызға телудің қажеті жоқ деп санайды. Мысалы, қыз қуу, көкпар, тұсау кесу, асық ату секілді т.б... құндылықтар. Айтуын айтамыз- ау, бірақ бұл сұраққа да нақты жауап таппадық. Дөп басып айтатын адам жоқ.

2021 жылыМемлекет басшысы Наурыз мейрамын мерекелеудің нақты тұжырымдамасын дайындауға тапсырма бергенін айттық. Артынша, үкімет жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға шыққан еді. Бірақ, халық тарапынан нақты қолдау таппады. Десе де, соңғы уақытта Президенттің шешімімен кейбір мемлекеттік марапаттардың наурызға орайластырылуы мерекеге басымдық берді. Мүмкін, осындай ресми шараларды көбейту керек шығар дейді сенаторлар.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

Мемлекет басшысы тағы бір жаңалық енгізді. Бұл, мемлекеттік сыйлықтарды наурыз күнінде бере бастауы. Енді құрылтай бұл идеялогиялық жолдау секілді ғой былай айтқанда. Соның да осы амал күнімен, көрісу күнімен тұспа-тұс келуі бекер емес деп ойлаймын. Мұның өзі де сол наурыздың маңызын арттырып жатқан шара деп ойлаймын.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

Неге әлеуметтік қолдау шараларын осы наурыздың алдында өткізбеске?! Біз ана жаңа жылдың алдында облыс әкімдері бүкіл тұрмысы төмен отбасылардың, көпбалалы отбасылардың балаларын жинап шыршасын өткізіп жатады. Сол сияқты соны жаңа жылдың алдында емес, осы наурыздың алдында неге өткізбеске. Тіпті, біздің халықаралық миссияларымыздың өзін, гуманитарлық көмек беру миссияларымыздың өзін осы наурыздың алдында өткізетін болсақ жалпы халықаралық деңгейдегі мәні, мағынасы артар еді.

Заң жүзінденақты құжат қабылданып, тұжырымдама дайындамаса бәрі бекер деген депутаттар қазірше, танымдық тұрғыда насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуден басқа амал жоқ дейді. Әсіресе, медиа саласында...

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

Фильмдер мысалға. Жаңа жылда біздің жылда көретін фильіміміз бар ғой, сол сияқты наурызға байланысты өзіндік фильмдер болуы тиіс деп ойлаймын. Жаңа кейіпкерлер енуі тиіс біздің өмірімізге. Сондай символдар арқылы, сондай нарративтер арқылы, құндылықтар арқылы, сондай түсініктер арқылы наурыз біздің өмірімізге, түсінігімізге орнығуы керек.

Мекебай Какен, қала тұрғыны:

Наурызда бүкіл адам өзінің ұлттық киімін киіп, наурыздың басынан аяғына дейін ұлттық киімнен ешқашан бас ауртпауы керек. Сол киімді киіп жүргеннің арқасында біз наурызды әлемге, бүкіл халыққа таныта аламыз.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын, этнограф, жазушы:

Балаларға көбірек насихаттаса. Өйткені, балаларға сыйлықты жаңа жылда көбірек әперемізде, ал наурызда әйтеуір көппен бірге көже ішеді деген секілді. Наурызда айтшылау деген бар, соларды ұйымдастырса арнайы.

Әдетте наурыз тойы әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелердің ұйымдастыруы аясында сахналық сипатта, көшедегі көрнекіліктер арқылы өтеді. Ал, көпқабатты үйдің тұрғындары жиналып, өз бетінше аулада мерекелеу- сирек. Яғни, наурызды мемлекет жасап береді деген көзқарас қалыптасқан. Мүмкін, ұлт ұлықтаған ұлы күнді тойлау тұжырымдамасы ауылдастың ауласынан басталу керек шығар.

Мекебай Какен, қала тұрғыны:

Әмин десең маған,
Бата берейін саған.
Күрпілдесін сабаң,
Арта берсін бағаң.
Бүкіл дәулетті бабаңның,
Малын берсін саған.
Менің айтқан бұл батам
Бүкіл қазақ халқының
Шаңырағына дөп келсін. Әумин!

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу