Таразда отқа оранған «Омар ата» базарындағы кәсіпкерлер шығыны 350 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді. Жергілікті билік өкілдері, жалын шарпыған бес қойманың әр қайсысында шамамен - 30 бен 70 млн теңгенің тұрмыстық тауары сақталған деп болжайды. Әзірге нақты есеп жоқ. Ал кәсіпкерлердің уәжі басқа. Олар бір қойманың өзінде 100 млн теңгенің тауары болды деп отыр. Олардың бірде-біреуі өз тауарын сақтандырмаған. Әзірге шығынды кім өтейтінін кесіп айту қиын. Өйткені өрттің шығу себебі белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, электр сымдарының қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. Тілсіз жау 4 сағатта әрең ауыздықталды. Ал өрт сөндірушілер базар аумағында су гидранттарының болмауын жергілікті билік пен базар басшылығының салғырттығы деп санайды.
Ербол Әміров, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
Қиындықты туындатып жатқаны осы «Омар ата» базары аумағында өрт сөндіру гидранты орналаспағандықтан. Суды біз өрт оқиғасы аумағынан 500 метр ара қашықтықтан алып отырмыз.
Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:
Гидранттар жөнінде ескертулер берілген. Ол мынау ТЖД-мен жүргізілген шара аясында жүргізілген, ескертілген. Нақты айта алмаймын, өйткені жұмыс тобымен тек мынау өрт қауіпсіздігін алдын алу бойынша түсіндірмелер жүргізілді. +Электр желілерін жаңалау бойынша ескертпелер берілген болатын.