Үш адамның өлімі: көлік жүргізушісіне жаза кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш адамның өлімі: көлік жүргізушісіне жаза кесілді

12.03.2024

Ақтөбеде мұғалім мен екі оқушының өліміне себепкер болған көлік жүргізушісі 5 жылға сотталды. Мектепте қызмет істеген Жандос Шамшадин жеті жыл көлік басқару құқығынан да айрылды. Сондай-ақ, судья оқушылардың қауіпсіздігін сақтамаған полиция мен білім саласының басшылығына жеке қаулы шығарды.

 Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жантүршігерлік оқиға былтыр желтоқсан айында, Ырғыз ауданында болған еді. Жаныс би ауылынан шыққан «Toyota» көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жүк көлігімен түйіскен. Аудан орталығына пәндік олимпиадаға бара жатқан екі оқушы мен мұғалім сол жерде қайтыс болды.

«Екі адамнан көп кісі өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу» фактісі бойынша айыпталған Жандос Шамшадин өз кінәсін толықтай мойындады. Оның өзі де Жаныс би ауылындағы мектепте қызмет істеген. Қайтыс болған оқушы қыз оның қарындасы.

Жандос Шамшадин айыпталушы:

Жәбірленуші ата-аналардан да кешірім сұрадым ғой, құрметті сот мырза. Сізден де кешірім сұраймын.Осы сынақты жүрегіме өмір бақиға таңба қылып салып берді.Сіздің де жазаңызды тыңдауға дайынмын. Қолыңыздан келгенше жеңіл жаза беруіңізді сұраймын!

Судья айыпталушы сұрағандай барынша жеңіл жаза кесті. Және оған дәледі себептер барын алға тартты. Бұған дейін басқа қайтыс болған екінші оқушы мен мұғалімнің туыстары да көлік жүргізушісіне кешірім бергені белгілі болды.

Нұрлан Бақтығалиев облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Жандос Шамшадин ҚР ҚК 345 бабының 4 бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айрыла отырып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Шамшадинге жаза өтеу орны қылымыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі тағайындалсын.

Сот тарапынан оқушылардың қауіпсіздігін бақылауға алмағаны үшін Ақтөбе облыстық Полиция департаменті мен облыстық білім басқармасы басшылығы атына бөлек қаулы шығарылды.

Нұрлан Бақтығалиев, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Ешқандай сопровождение, сүймелдеу полиция тарапынан болмаған. Сондықтан, Ырғыз аудандық полиция бөлімі басшылығы жауап берсін - адам өлімі үшін. Неге олар жазықсыз қалуы керек? Сонан кейін білім басқармасы жауап берсін, ойлансын шамалы. Неге олар олимпиада істейді какой-то, адам өліп жатқанда. Бір емес бұл!

Бұл іске қатысты жәбірленушілерден талап-арыз болмаған.Үкіммен сотталушының туыстары мен қорғаушысы келісетіндерін, апеляциялық шағым түсірмейтіндерін де айтты.


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу