Жамбылда 4 мың тұрғыны бар ауылдың жалғыз спорт мектебі қирап тұр. Түрксіб ауылындағы нысанның тек 40 пайызы қолдануға жарамды.
Қалған бөлігінің қабырғалары жарылып, құлағалы тұр. Не жарығы, не жылуы жоқ. Су құбыры істен шығып, жылу жүйелері де қолды болған. Ескі едендері ортасынан опырылған. Сыз тартқан спорт мектебі 50 жыл бұрын 10-ға жуық спорт түріне балаларды баулитын. Бүгінде тек 400 бала бокс пен күреске ғана қатысады. Әкімдік күрделі жөндеуіне жарты млрд теңгеден астам қаржы жұмсалатындықтан, нысанды сүруге жатқызыпты. Сондықтан жуырда мектеп ұжымы көрші ауылдағы мектепке көшірілген. Ал нысанның нақты қашан салынатыны белгісіз.
Мұхтар Иманалиев, №13 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Былтырдан бастап күрделі жұмыстарын жүргізуге осы құжатпен біз айналыстық. Тиімдісі, жаңадан спорт кешенін салу керек деп ойлаймыз. Жамбыл ауданында бірнеше спорт мектебі соғылды. Олардың сметалық құны 380, 350, 400 млн-ға барады.
Данияр Әлімқұл