Қазақстан тарихының 7 томдығы жарыққа шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан тарихының 7 томдығы жарыққа шығады

13.03.2024

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы шежірелі Атырауда өтетін болды. Жиынға Президент Қасым Жомарт Тоқаев төрағалық етеді. Ал былтырғы өткен Ұлттық құрылтайдан кейін қандай жетістіктер мен өзгерістер болды? Жандос Темірғали іргелі істерге шолу жасайды.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай – қоғамдағы күрмеулі мәселелердің тамырын дөп басып, оны шешудің нақты тетіктерін айқындап берді. Президент 8 басым бағытқа тоқтала келіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды деді. Осыдан кейін отандық ғалымдар кешенді жоспар түзіп, ұлы даланың төл шежіресін жазуға кірісті. Оған 300-дей ғылыми қызметкер тартылды. Ресей, Қытай, Еуропадағы архивтерден бұрын соңды жарияланбаған тың деректер алынды.

Нұрбек Пұсырманов, мемлекет тарихы институтының директоры:

Ежелгі Қазақстанның қазіргі күнге дейінгі тарихы 7 томдық тарихы жазылып жатыр. Бұл алғаш рет Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік идеясы негізінде ұлттық мүддені көздеген ең тұңғыш үлкен жоба болып табылады. Аяқталуға жақын. Бұл халықтың сана сезімін өзгертуге, мемлекеттік идеямызды нығайтуда үлкен өзгерістер алып келеді.

Түркістан тарихы қайта зерттеліп жатыр

Ұлт болашағы сөз болған былтыр құрылтайда мемлекеттік нышандарды жетілдіріп, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу тапсырылды. Төл символиканы жаңғырту үшін қазірдің өзінде 1 гранттық жоба жүзеге асады. Түркістан тарихы қайта зерделенеді. Қазір рухани орданы әлемдік орталыққа айналдыру мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту да бір жолға қойылып келеді.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Масс Медиа бойынша заң жобасы мәжілісте қаралып жатқаны, креативті индустрия бойынша заң қазір талқыланып, бұл жоба да жасалып жатыр. Халықтың сұранысында жүрген үлкен мәселе бұл – заңсыз алынған қаржыларды, активтерді қайтару мәселесі де сол кезде көтерілген болатын. Бүгінгі таңда ол заң қабылданды. 

Еңбек адамдары ұлықталды

Ұлттық құрылтай – еңбек адамдарының мәртебесін айқындап берді. Оларды дәріптейтін атаулы күнді тұғырына қондырды.

Әлихан Байменов, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық құрылтай мүшесі:

Ұлттың тұрмыс деңгейін анықтайтын, ұлттық байлықты қалыптастыратын ол еңбек адамы. Бұл тұрғыда Президенттің жалпы ішкі өнімде, жалақының үлесін көтеру туралы бастамалары еңбек адамының абыройын көтеруге бағытталған шараның бірі деп қарастыруға болады.

Ұлттық құрылтай Атырау өңірінде өтеді

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы алдағы жұмада экономика драйвері атанған Атырау өңірінде өтеді. Ұлттық құрылтайдың жаңартылған құрамы қатысатын жиынға Президент төрағалық етеді.


Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу