Қазақстан «Достық» каналы арқылы көршілес өзбек елінен суды толық көлемде алып жатыр. Осының арқасында 100 мың гектардай егістік алқабын суландыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты. Жиында трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалану жайы да сөз болған еді.
«Достық» каналынан Қазақстан сәуірге дейін 487 миллион текше метр су алады деп жоспарланған. Қыс бойы бекітілген кестеге сай тіршілік нәрі жеткізіліп тұрды. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарының диқандарына қажетті су көлемін жинақтауға жол ашты. Мұнан бөлек, Арал теңізіне қосымша су жіберуге де мүмкіндік бар.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Екі мемлекеттің басшыларының тапсырмасына сәйкес, суды бөлу мен оны тиімді пайдалану, трансшекаралық өзендерді Сырдария өзенін бірлесе пайдалану бойынша біз келісім шарт жобасын дайындап жатырмыз. Көп баптары бойынша келісімге келдік, бүгінгі күні екі премьер министр тапсырма берді. Бұл жұмысты жеделдету бойынша, біз енді осы бағытта жұмыс істейміз.
Өзбекстан Шардара су қоймасынан Айдар-Арнасай көлдер жүйесіне секундына 400 текше метр су алып жатыр. Жалпы осы маусымда көрші елге 400 млн текше метрге жуық су жеткізу жоспарланған. Мұнан бөлек, Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан келетін суды пайдалану бойынша да тиісті келісімдер жасалған, - дейді өзбек тарапы.
Шавкат Хамроев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі:
Қазір Тоқтағұлда су былтырғыдан 500 млн текше метрге аз. Сондықтан алдағы вегетациялық кезеңде судан тапшылық болмас үшін жұмысты ширата түсуіміз керек. Жалпы суды тиімді пайдалану бойынша жасалған келіссөздер сәтті жүзеге асып жатыр деп айта аламыз.
Еске салайық, трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану бойынша келісім өткен жылы қарашада Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында жасалған еді. Кезекті жиын алдағы сәуір айында Шымкентте өтеді деп жоспарланып отыр.
Базаркүл Отыншиева