Қызылорда облысында 224 мың га жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 224 мың га жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

18.03.2024

Қызылорда облысында «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының араласуымен былтыр 224 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Соның басым бөлігі елді мекендердің маңындағы жекенің қолына өтіп кеткен учаскелер. Бүгінде Қазалы ауданының барлық ауылында тұрғындар үшін төрт түлік жайылатын арнайы аумақтар беріліп, көптің талап-тілегі орындалды.

Әйтеке би кенті халық көп қоныстанған елді мекендердің бірі. Азын-аулақ тұяқ ұстаған тұрғындар мал жайғайтын жерден таршылық көріп келген. Былтыр ауыл жанындағы біраз жекенің қолына өтіп кеткен жайылымдық жерлер жұрттың игілігіне қайтарылды. Бірақ, төрт-түліктің өрісі кеңейгенімен кент іргесінен ағатын канал малдардың жайылымға жетуіне бөгет болып тұр. Енді тұрғындар мал өткелі салынса дейді.

Жамшит Сүгірбаев, ауыл тұрғыны:

Көпір істелсе мал емін-еркін жайылымға кетеді. Ар жағында ештеңе жоқ. Құмның басына шығам десе құмға, көлдің ішіне жайылам десе сулы жерге кетеді.

Жалпы ауданда 1 миллион 520 мың гектар жайылымдық жер бар. Соның 600 мың гектардан астамы мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар мен қожалықтардың иелігінде. «Жер аманаты» комиссиясы былтыр тұрғындардың талап-тілегімен елді мекендердің маңындағы 47 мың гектар мал жайылымдық жерді жекеден мемлекет меншігіне қайтарды.

Еркін Сейітов, аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Жер бөлу комиссиялары кезінде осы елді мекеннен 5 км ары жерлерді табыстауға заңға сәйкес қоғамдастықтарға солай түсіндірілді. Қазіргі уақытта ешқандай шаруашылықтарға, қожалықтарға жер берілген жоқ. Және кезінде беріліп кеткен жерлердің бәрі қайтарылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аманаттықтар биыл да ауыл шаруашылығы мақсатында игерілмей бос жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет иелігіне қайтармақ. 

Хабарламаларға жазылу