Батыс Қазақстанда алимент төлемегендердің берешегі 2 млрд теңгеге жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда алимент төлемегендердің берешегі 2 млрд теңгеге жеткен

19.03.2024

Батыс Қазақстан облысында алимент берешегі 2 млрд теңгеге жеткен. Осының салдарынан 4 мыңнан астам бала материалдық қолдаусыз қалып отыр. Алимент төлемегендердің дені - маскүнем, нашақор, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүргендер. Арасында табысын жасырып, қашып жүргендер, тапқанын балаға емес, құмар ойынға салғандар да бар, - дейді мамандар.

Прокурорлардың мәліметінше, ақшасы бола тұра, алимент төлемейтіндердің көліктері айып тұрағына қойылып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Мойнында миллиондаған қарызы барлар айыппұл төлеп, 3 тәулікке қамалып жатыр. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік те қаралған.

Жанат Нұрмағамбетова, Облыстық бала құқығы жөніндегі уәкіл:

Уәкілетті органдар заң аясында барлық шара қабылдап жатыр. Оған қоса, меніңше, алимент төлемейтіндермен үздіксіз идеологиялық, тәрбиелік жұмыс істелуі керек. Ең бастысы, ата-ана өз әрекетін түсінуі қажет. Неге өзі жауапкершілік алмайды? Неге бәрін мемлекетке артып қойған? Осы тұста бізге қоғамдық ұйымдардың, осы мәселеге бей-жай қарамайтын адамдардың қолдауы қажет.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу