Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алдағы 5 жылда 2 есе өсуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алдағы 5 жылда 2 есе өсуі керек

19.03.2024

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі алдағы 5 жылда екі есе өсуі керек. Бұл Президенттің үкіметке жүктеген міндеті. Жоспарды жүзеге асыру үшін еліміздің экономикасы жыл сайын кем дегенде 6 пайызға өсуі тиіс. Үкімет мақсатқа жетудің жолдарын да айқындап қойды.

Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін шикізаттық емес секторға басымдық берілмек. КЕСТЕ: Осылайша биылдың өзінде, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс сияқты салалар қыруар пайда әкеледі деген жоспар бар.

Аталған әр саланың қазіргі әлеуетіне талдау жасалып, ескерілді. Жалпы ел бойынша шамамен 70 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ірілерінің құрылысы аяқталуға да жақын.

Дәурен Байдүйсенов, «QAZINDUSTRY» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ дирекциясының басшысы:

Мысалы, Павлодар облысында ферросилиций шығаратын зауыт, Алматы облысында полимерлі оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт, Қостанай облысында жылжымалы темір жол құрамы үшін серіппелер шығаратын зауыт, Қарағанды облысында жел генераторларына арналған болат конустық мұнаралар шығаратын зауытты іске қосу жоспарлануда. Олардың барлығы өнімдерінің бір бөлігін шетелге экспорттайды.

Барлық жоспарланған жобаны іске қосу шамамен 11 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққанда салық түсімдері 38 млрд теңгеден асады. Қазақстанда бұл жобаларды еркін жүзеге асыруға болады. Ол үшін бюрократияны жоюымыз керек, - дейді сарапшылар.

Бауыржан Мұқан, Экономикалық зерттеулер институтының басқарушы директоры:

Мемлекет тарапынан барьерлар төмендеу керек. Тексеріске байланысты қатаң шараларды жұмсарту керек, суын тарту керек. энергоресурстарына тосқауылсыз қолжетімділігін жасап беру керек. Болды одан кейін бизнеске кедергі жасамаңыз. Өңдеу өнеркәсібі өзі дөңгеленеді.

Бұдан бөлек, 2024 жылы 5 арнайы экономикалық және 7 индустриялық аймақ қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек. Бұл да жаңа кәсіпорындардың қазығын қағуға мүмкіндік бермек.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу