Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы жолды су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында республикалық маңыздағы жолды су шайып кетті

20.03.2024

Ақтөбе облысында республикалқ маңыздағы «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» тас жолының 288-ші шақырымын су шайып кетті. Ені 300 метр, биіктігі 30 сантиметр болатын еріген қар суы Шалқар қаласынан 31 шақырым жерде, жолдың бойына жиналған. Қауіпті аумаққа мамандар жіберіліп, жолдың астына диаметрі бір жарым метр болатын құбыр орнатылды. Сондай-ақ, құм толтырылған 650 қапшық төселді. Көлік қозғалысына шектеу енгізілмеген. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, өңірдің оңтүстік аудандарында қар еріп кетті. Қазір қырдан келетін судан қауіп бар.

Ал басқа аудандар мен облыс орталығында күн 27-інші наурыздан бастап күрт жылынады. Облыс бойынша 15 ауылды су басу қаупі сақталып отыр. Олардың қатарында былтыр ондаған үйі су астында қалған Қобда, Қаратал ауылдары да бар.

Әлішер Сарбаев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

«Облыс бойынша 11 мың адам тұратын 36 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін. Атқарылған жұмыстардың арқасында 11 елді мекенде қауіп жойылды. 10 елді мекенде қауіп барынша азайтылды. Қалған 15 елді мекенде қауіп сақталуда. Осы елді мекендер бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр». 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу