Әкелі-балалы жұптар ұлттық спорт түрінен сынға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкелі-балалы жұптар ұлттық спорт түрінен сынға түсті

20.03.2024

Оралда әкелі-балалы жұптар арасында ұлттық спорт түрлерінен тартысты сайыс өтті. Қатысушылар атқа мініп, аударыспақта белдесіп, садақ тартып, асық атты. Ләңгі теуіп, арқан тартысты. Ұлттық ойындарды ұлықтауға арналған шара әкенің мәртебесін де биіктетті.

Ардақ Мұратқызы , тілші:

Әке мен бала жұп болған жарыс ә дегеннен-ақ тартыспен басталды. Сайысқа 9 жұп қатысуда. Қазір ат жалын тартып мінген жеткіншектер аударыспақта күш сынасып жатыр. Жанкүйерлер де жүректілерге жақ болып, жығылғанға дем беруде.

Нұрислам Мәлік, жарысқа қатысушы:

Аударыспаққа адамның күші және атты ойната білуі керек. Мен аударыса білем және бәйгеге шабамын. Аударыспаққа үш минут беріледі. Артық уақыт бермейді. Үш минутта үлгермесек, белдесу болады екі минут. Аттың тізгінін және қарсыластың белбеуін жібермеу керек.

Қазір жарыс көрігі қыза түсті. Қатысушылар асық атты, садақ тартты, енді, міне арқан тартысып жатыр. Бір-біріне дес бермей, намысқа тырысып, қарсыласын ықтырған балалардың табандылығына әкелер де сүйсінді. Бабы келіскендердің бағы жанды./

Сәтқали Байзуллин, жарысқа қатысушы:

Сайыс өте керемет өтіп жатыр. «Әкеге қарап, ұл өсер» деген қазақта, ұлттық спорт арқылы тәрбиелеуде үлкен орын алып тұрған сайыс. Наурызнамаға, соның ішінде ұлттық спортқа айрықша көңіл бөлгенге өте риза болып тұрмын. Технология дейміз, смартфон, телефон дейміз, осының бәрінің алдында - ұлттық спорт тұруы керек.

Жарысқа қатысушылардың дені - қалалық ат спорты бөлімінің «Бәйге» сыныбында жаттығатын балалар. Бапкерлер он жастан бастап баланы атқа отыруға, спорттық бәсекелерде бақ сынауға үйретіп келеді. Осылайша өскелең ұрпақтың шымыр да ширақ, жүректі де білекті болуына ат салысып жүр.


Хабарламаларға жазылу