Қызылордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бірлесіп күресу туралы меморандум жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бірлесіп күресу туралы меморандум жасалды

26.03.2024

Қызылорда облысында отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықты тию, әйелдер мен балалар құқығын қорғауға айрықша көңіл бөлінбек. Прокуратура органы мен аймақтағы ардагерлер және әйелдер кеңесі үш жақты меморандумға қол қойып, осы бағытта бірлесіп жұмыс атқармақ.

Жалпы өңірде отбасылық жанжалға қатысты құқық бұзушылық жылдан жылға көбейіп барады. Былтыр 3 мың дерек тіркеліп, шаңырағының шырқын бұзып, әйеліне әлімжеттік көрсеткендер түрлі әкімшілік тәртіпке тартылған. Мұндай оқиға 2022 жылмен салыстырғанда 59 пайызға артқан. Енді прокурорлар қала мен әр ауданда қолайсыз отбасыларды қатаң бақылауға алып, қабылданған меморандум аясында кешенді шаралар жүргізбек.

Бауыржан Тоқмырза, Облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

Меморандумның негізгі мақсаты отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейту. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен қорғау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталады.

Облыстық ардагерлер және әйелдер кеңесі бұл үш жақты келісім заң үстемдігін орнатып, тұрмыстық жанжалды тиюға септігін тигізеді деген сенімде. Сондай-ақ ауыл-аймақта отбасы құндылығын дәріптеп, құқықтық кеңес беру жұмыстары қолға алынбақ.

Райкүл Байназарова, Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы:

Ішімдік, жұмыссыздық деген нәселер ер адамдарымыздың отбасына, өзінің әйеліне деген сыйластықпен қарауды жоққа шығарып жатыр. Отбасында болып жатқан жанжалға қалай болса солай қарамай туысқан болып, көрші болып, үлкен болып өз сөзімізді айтуымыз керек. Ықпалымызды сол отбасының жақсы өсіп кетуіне ықпалымызды жасауымыз керек.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу