Қызылордада «Наурызнама» онкүндігі қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада «Наурызнама» онкүндігі қорытындыланды

26.03.2024

Сыр өңірінде наурызнаманың онкүндігі жалпыхалықтық мереке-думанмен қорытындыланды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып кеңінен дәріптеліп, қолөнершілер фестивалі мен ұлттық спорттан сайыстар ұйымдастырылды.

Биыл әз-наурыз мейрамын Сыр халқы ерекше ықыласпен атап өтті. Наурызнаманың он күндігінде облыс аумағында 700-ден аса көпшілік мәдени-рухани шаралар өтті. Шаһардағы дүбірлі той-думанда ақшаңқан қар үйлер тігіліп, этно ауылда театрландырылған көріністер қойылды. Ұлыстың ұлы күніне толағай табыспен жеткен аймақ халқын облыс әкімі құттықтап, наурыз меркесінің маңыздылығына тоқталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Бұл 10 күндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға озық адами қасиеттерді, қайырымдылықты, шынайылықты, адалдық пен мейірімділікті дәріптеуге бағытталған.

Думанды шара барысында алғашқы қадамын басқан балалардың тұсауы кесіліп, ел ағалары ақ батасын берді. Қыз бен жігіт айтысы да көптің ерекше ықыласын аударды. Сондай-ақ, ақжаулықты аналар қазанжаппай пісіріп, ұлттық тағамдарды дастарханға жайды.

Гүлжәміс Ембергенова, Абай ауылының тұрғыны:

Нағыз қазақтың ұлттық тағамы. Асығыс қонақ келіп қалған кезде дереу істей қоясын. Қазір мынаны төңкерем қып-қызыл боп шығады. Қазанжаппай май салып жей бересің дайын тамақ.

Мерекелік кеште қолөнер бұйымдары мен ұлттық киімдердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Спорттық сайыстар да шараның көркін қыздырды. Сондай-ақ, балалар жаппай жарапазан айтып, ескі дәстүрді жағыртты.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу