Қарғын су ақтөбеліктерді де әуреге салып жатыр. Облыстың төрт ауданында бөгеттер мен жолдар бұзылып, тұрғын үйлерге қауіп төнген. Шұбарқұдық кентінде бес үй мен отызға жуық аулаға су кірді. Қазір ауданда 150-ден астам маман мен 30 техника жұмыс істеп жатыр. Қосымша Маңғыстау облысынан 50-ден аса әскери қызметкер көмекке барған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қарғын су Жаңа Қарғалы елді мекеніндегі онға жуық үйге де кірген. Қазір бұл жерде мамандар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Алайда, өздеріңіз көріп тұрсыздар, су деңгейі түсе қоймаған.
Татьяна Чубарь өткен түнде ұйқысынан шошып оянғанын айтады. Үйге кірген су тізесінен келіпті. Жолдасы екеуі балаларын қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Алайда баспанасы мен дүние-мүлкі жарамсыз болып қалды.
Татьяна Чубарь, тұрғын:
Көршілерім келіп, балаларымды терезеден алып кетті. Жолдасым екеуміз осында қалдық. Несиеге жақында ғана алған жиһазымыз бүлінді. Үйіміздің түрі мынау.
Жағдай, әсіресе, аудандарда қиын. Шұбарқұдық елді мекенінің көшелері өзенге айналды. Ондаған аулаға су кірді. Дегенмен, өткен түннен бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су деңгейі түсе бастаған. Алайда бүгін түстен кейін басталған жаңбырдын салдары ауыр болуы мүмкін.
Саид Молдақараев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Әскери бөлімнен Темір ауданына 54 қызметкер, 6 техника көмекке барды.Сол жақта дамбаларды нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қарғын су өңірдегі бірнеше ауданның тұрғындарын да әбігерге салып жатыр. Қарауылкелді ауылында да тоғыз аулаға су кірген. Байғанин ауданының үш елді мекеніне баратын көпірді су шайып кеткен. Әйтеке би ауданының Талдық ауылына да қатынас жоқ.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Барлық көмек көрсетіледі. Төтенше жағдай жарияланса да, жарияланбаса да, ешкім тыс қалмайды. Бір аптаның ішінде қалыпқа келеді деп күтілуде. Су деңгейі төмендесе, тиісті техника мен инертті материал дайын тұр.
Соңғы бір жыл ішінде облыста 1,1 миллиард теңге бөлініп, су тасқынына қарсы 17 жоба жүзеге асқан. Алайда оның өзі жеткіліксіз. Облыс әкімдігінің мәліметінше, мәселені түбегейлі жою үшін 11 миллиард теңге қажет.
Жақсыбек Кемал