Шаруаларға 340 мың тонна дизель бөлінбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруаларға 340 мың тонна дизель бөлінбек

26.03.2024

Алыпсатарлық пен қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек! Премьер-министр Олжас Бектенов көктемгі егіс науқаны кезінде шаруаларды қажетті дизельмен қамтамасыз етуді тапсырды.

Дала жұмыстарына дайындық мәселесі бүгін Үкімет отырысында қаралған болатын. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл 23 миллион гектар аумаққа егін егілмек. Бұл былтырғыға қарағанда әлдеқайда аз. Жалпы науқанға дайындық қалай? Шаруалар соляркадан тарықпай ма? Тілшіміз тарқатсын.

Көктем мен күз келсе болды елде дизель тапшылығы болуы дәстүрге айналғандай. Жанармай жетіспеушілігі әсіресе жер жыртып, егін егетін шаруалар үшін ауыр тиіп жатады. Бағасы да қымбаттау. Сондықтан солярка құны тағы 50 теңгеге азайтылса дейді олар. Өйткені былтырғы құрғақшылық пен астыққа сұраныстың азаюы бәрінің қалтасын қаққан.

Нұраддин Бегманов, шаруа:

Жанар-жағармайды кезең-кезеңмен береді бізге шаруаларға. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінді. Біз оны алдық. Жеңілдетілген бағамен 250 теңгеден алдық. Дегенмен ол бізге қымбат болып түсіп жатыр қазір. Енді жаздағы, күздегі жұмыстар бар әлі.

Сондықтан жанармай да, оны сатып алатын ақша да жетпей қала ма деп алаңдайды. Десе де жыр болған проблемаға бұл жолы жол бермеу үшін Ауыл шаруашылығы министрі ертерек қамдандық дейді. Айтуынша биыл тапшылық болмауы керек.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

26 наурыздағы жай-күй бойынша мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67,7 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Облыстардың әкімдіктері дизель отынының бөлінетін көлемін тиеп-жөнелту жұмыстарын жандандыруы қажет. Бүгінгі таңда өтінім беру және жеңілдікті дизель отынын алу рәсімі толығымен цифрландырылған.

Шаруаларға делінген солярканың литрі 250 теңге. Озы азайту мәселесі қазір күн тәртібінде жоқ дейді министр. Өйткені нарықтағы баға 300 теңгедей екенін ескерсек, бұл әлдеқайда арзан. Сондықтан оның талан-таражға түсіп кетпеуін қатаң бақылау керек деді премьер. Агро саладағы тағы бір проблема - тұқым жетіспеушілігі. Әсіресе ұсақ және орта шаруашылықтар үшін бұл өзекті проблема. Саланы дамыту үшін оларды қолдау керек деді Бектенов.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж ферлермерлерге тауарлық кредит түрінде бөлу керек. Біздегі климатқа төзімді өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет.

Ауыл шаруашылығы техникаларының 75% тозған

Ауыл шаруашылығы техникаларының тозуы да саланың көркеюін тежеп тұр. Мәселен қазір трактор, комбаин сияқты техникалардың 75 пайызы әбден ескірген. Үкімет басшысы оларды жаңарту керек деді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Оның үстіне ферлермер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қазыр 160 миллиард теңгеден асып кетті.

Биыл бидай алқабы 430 мың гектарға қысқартылады

Айта кетерлігі биыл бидай егілетін алқап 430 мың тектарға қысқартылмақ. Өйткені былтырдан қалған өнімнің өзі қазір өтпей тұр. Сол үшін астық орнына күнбағыс, қызылша көбірек егілмек. Дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдікпен 140 млрд тг несие беріледі. Жергілікті бюджеттерден де 100 миллиард бөлінбек.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бұл қаржыға 23 миллион гектар аумаққа астық себілмек. Шаруа шаш етектен. Сондықтан Үкімет басшысы көктемгі науқанды уақтылы бастауды қатаң тапсырды. Өйткені бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Сондықтан дала жұмыстарының іске асуын өзі бақылауда ұстайтынын ескертті.


Хабарламаларға жазылу