Жангелдин ауданындағы Ақкөл және Байтұрсынов ауылдарының жолын су шайып, қатынас үзілді. Амангелді ауданының орталығында 12 үйдің ауласы мен қора-қопсысына қарғын су кірген. Арық қазылып, сорғылар тәулік бойы іске қосылып тұр. Дегенмен, су деңгейі түспей жатыр. Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарына да, су жайылды. Қатынас жоқ, жарық сөнген, байланыс үзілген. Екідіңде 50-ге жуық үй болса, соның тең жартысынан астамына су кіріп, кейбірінің қабырғалары сөгілген. Мал шығыны да бар. Су қоршауында қалған бірнеше қыстақтан тікұшақпен 24 адам құтқарылды. Оның 11-і бала. Тағы бірнеше қыстау мен Қызылжұлдыз аулының 100-ден астам тұрғынын эвакуациялау жұмысы жүріп жатыр.
Асылбек Садуов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Жолдардың бәрін су алып қалғаннан кейін, біздің құтқарушылар үлкен техникаларады жеткізе алмай отырмыз. Бірақ қайықтармен құтқару жэұмыстары жүріп жатыр. Ол жерде үйлерге суды кіргізбек деген мүмкін емес. Біздің қазөіргі басты мақсатымыз – адамдарды құтқару.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Ақсуат, Бәкей, Қарасу ауылдары бағытандағы автокөлік жолы жабылды. Жазық далаға жайылған қарғын су елдімекендерге кірмес үшін жолды қазып, басқа бағытқа бұруға тура келген. Нәтижесінде, ауылдарды су басқан жоқ. "Қарасу-Ақмектеп" бағытындағы жолдың да, бір бөлігі жырылып, су жазық далаға бағытталды. Ал Қазақстан ауылының шетіне құм салынған қаптардан бөгет тұрғызып, қарғын су ескі арнаға бұрылды. Марқакөл ауданындағы Жиделі ауылына да, тасқын қаупі төніп тұр. Соңғы 5 тәулікте қар тоқтаусыз еріп, елдімекен шетіндегі бірнеше үйдің ауласына жайылған. Атқарушы билік пен аудандағы төтенше жағдай бөлімінің мамандары, дер кезінде жұмылып, тасқынның бетін қайтарды.