Бишімбаев ісі: Сот отырысын қазақстандықтар онлайн көре алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бишімбаев ісі: Сот отырысын қазақстандықтар онлайн көре алады

27.03.2024

Экс-министр Бишімбаев ісіне қатысты сот талқылауын қазақстандықтар онлайн көре алады. Процесс ашық әрі әділ өтуі үшін сот залынан тікелей көрсетілім жүргізіледі. Трансляцияны жоғарғы соттың ютуб парақшасынан көруге болады.

Бүгін алқабилердің қатысуымен алғашқы сот отырысы басталды. Іріктелген 12 алқабидің 10-ы негізгі, екеуі-қосалқы құрам мүшелері. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қызметте, құзырлы органда жұмыс істемейді. Заңгер және қорғаушы мамандықтарына да қатысы жоқ. Қауіпсіздік мақсатында, яғни алқабилерге қысым көрсетілмеуі үшін оларды фото, видеоға түсіруге тыйым салынған.

Айта кетейік, Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің азаптау және аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылған. Бірақ Бишімбаев кінәсін тағы да мойындамады. Сондай-ақ, ол өз нұсқасын айтуға мүмкіндік беруді сұрады. Судья оған мұндай мүмкіндік заң бойынша қарастырылғанын жеткізді. Ал Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановқа «қылмысты жасырды» және «хабарламады» деген айып тағылған. Күдікті судьяның бұл екі баппен келісесіз бе деген сұрағына «Білмеймін» деп жауап берді.

Келесі сот отырысы 29 наурыз күні 10-00де жалғасады.


Хабарламаларға жазылу