Енді медициналық анықтамаларды электронды форматта ғана алуға болады. Бұрынғыдай қаптаған қағаз арқаламайсыз. Мамандардың айуынша, медициналық кітапшаларды қолдан жасап, сату дерегі жиілеген. Жаңа жүйе дәл осындай олқылықтарды жоюға септігін тигізбек. Толығырақ сюжетте.
Елімізде медициналық кітапшаларды қолдан жасау қып-қызыл саудаға айналған, - дейді тамақтану қауымдастығныың жетекшісі Вероника Нұрпейісова. Мәселен, жақында жалған медициналық кітапша жасатып алып, дәмханаға жұмысқа тұрған бір азаматтың бойынан стафилококк таяқшасы табылған. Сөйтіп, ондағы барлық жұмысшыға ауру жұққан. Бұл белгілі болғаны. Ал, тасада қалып жатқаны қаншама, - дейді маман. Енді мұндай оқиғалар азайып, қоғамда қауіпсіздік күшейеді. Қоғамдық тамақтану қауымдыстығының түрткі болуымен және денсаулық сақтау министрлігінің құптауымен бірқатар медициналық анықтама тек электронды форматта берілетін болды.
Вероника Нұрпейісова, қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы:
Электронды жүйеге көшкеніміз дұрыс болды. Бұл дегеніміз – енді ешкім медициналық анықтамаларды сатып ала алмайды. Азамат құжат алу керек болса, міндетті түрде дәрігер алдынан өтуге тура келеді. Көлік жүргізу үшін берілетін анықтама, медициналық кітапшаны алу оңайға соқпайды. Ең бірінші – қауіпсіздік, екінші – азаматтың өзінде құжат үнемі сақталады.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, көлік құралын басқаруға рұқсат беру анықтамасын және жеке медициналық кітапшаны «электронды үкімет» порталындағы жеке кабинеттен немесе Еgovmobile мобильді қосымшасының "Денсаулық сақтау" бөлімінен алуға болады.
Әсел Бектұрғанова, ҚР ДСМ электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің бас сарапшысы:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді азайту мақсатында министрлік барлық анықтамаларды электронды жүйеге көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыс берушінің жеке кабинетіне электронды хабарлама ретінде келетін болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр 1 айда ек жарым мыңнан астам адамға еңбекке уақытша жарамсыз парағы берілген.
Ведомсвто өкілінің айтуынша, қағазға жазылып берілетін анықтамар осы жылдың соңына дейін жарамды болады. Ал, 2025 жылдан бастап барлығы электронды форматқа ауыстырылады.
Динара Жарқынбек