Бюджеттік жобаға қатысты аймақ депутаттарынан 50-ден астам ұсыныс түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджеттік жобаға қатысты аймақ депутаттарынан 50-ден астам ұсыныс түсті

29.03.2024

Жаңадан қабылданатын бюджеттік жобаға қатысты аймақ депутаттарынан 50-ден астам ұсыныс түскен. Оның 17-сі назарға алынады. Бүгін Сенат депутаттары Павлодарда өткен көшпелі отырыста жаңа құжатқа қатысты ұсыныстарды пысықтады. Қаржының шектеулі болуы өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге қолбайлау. Айталық, бюджет кодексі бойынша 4-ші деңгейдегі бюджет шығыстары 19 бағыт бойынша жүзеге асырылуы керек. Ал, іс жүзінде толық қамтамасыз етілмейді. Яғни, ауылдарда жолды жөндеу, күтіп-ұстау, сумен қамтамасыз ету жұмыстары қалдық принципі бойынша қаржыландырылады.

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Мемлекеттік сатып алу заңына байланысты әр түрлі олқылықтар бар. Яғни, ол елдің дамып кетуіне, өсіп кетуіне қаржының дұрыс пайдалануына кедергі жасап отырған мәселелер бар. Соны біз халықтың өзінен тыңдап, сіздерге не қажеттілік бар соны білу үшін келіп жатырмыз. 

Парламент Сенатының депутаттары ірі өндіріс ошақтары мен қалаларда ғана емес, ауылдық округтерге де барды. Қарапайым тұрғындармен кездесті. Ауыл әкімдері мен дәрігерлік амбулатория, мектеп басшыларының жергілікті мәселелелерді шешуде экономикалық тұрғыда дербес болуы маңызды, - дейді олар.

Мұхаммед-Әли Әбілғазинов, Мойылды ауылдық орта мектебінің директоры:

Мектепте от жағушының еңбекақысы өте төмен. 90 мың теңге алады. Техникалық қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Біз ауылдық жер болғандықтан мұғалімдерге 25 пайыз үстеме қосылады. Сондықтан осында қаладан келіп жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз көп. Ал, от жағушы, техникалық қызметкерлер тұрақтамайды. Бізде олаға еңбекақы қосуға құзірет жоқ. Сондықтан бюджеттік кодекс қаралған кезде осы мәселе ескерілсе.

Хабарламаларға жазылу