Абай облысында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді

30.03.2024

Абай облысының Ақсуат ауданында жоғалып кеткен ата мен оның немересі аман-есен табылды. Төтенше жағдай қызметінің мамандары оларды тәулікке жуық уақыт іздеген. Ауыл тұрғыны немересін ертіп, қыстаудан атпен шығып адасып кеткен. Облыс көлемінде тасқын сумен күрес бірнеше ауданда жалғасып жатыр. Көкпекті ауданындағы Биғаш ауылында су деңгейі көтеріліп, ауыл жолын басты. Республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз тас жолын су шаю қаупі болғандықтан, «ҚазАвтоЖол» мекемесі бұл бағытта барлық көлік түрі үшін қозғалысты шектеді. Мамандар тәулік бойы кезекшілік етіп, су шайған жолдарды қалыпқа келтіріп, бөгеттер орнатып жатыр. Бесқарағай ауданындағы Шадрухин орман шаруашылығы мен Бозтал ауылына қызыл су жайылған. Құтқарушылар елді мекеннен 16 адамды қауіпсіз жерге көшірді.Төтенше жағдай мамандарының мәліметінше, өңірде жағдай тұрақталып келеді.

Гүлмира Өсіпбекова, Бозтал ауылының тұрғыны:

Қазіргі уақытта ауылдың жағдайы жақсарды. МЧС көмегімен құтқарылып, қазір мектепте жатын орын, тамақпен бәрі қамтамасыз етіліп жатыр. МЧС қызметкерлеріне рахмет айтамыз. Және сарбаздарға көп рахмет айтамыз. Кешеден бері қол ұшын беріп көмектесіп жатыр.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу