Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық үйге су жайылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық үйге су жайылды

02.04.2024

Батыс Қазақстан облысында 400-ге жуық үйге су жайылды. Өңірге барған Мәжіліс депутаттары тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен тілдесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Қазір төтенше жағдай жарияланған Қаратөбе мен Сырым аудандарында тасқынның салдарымен күрес жүріп жатыр. Комиссия шығынды есептеуді бастады. Қаратөбе ауданының эвакуациялық орталығы орналасқан мектеп-гимназияда 174 адам тұрып жатыр. Қажетті жағдай жасалған. Алайда мүгедектігі бар адамдарға арба, дене шынықтыру құралдары, гигиеналық заттар жағынан көмек керек. Сондай,ақ жүзге жуық ер адам көлік қатынасы үзілген Қоржын ауылында күзетте қалған. Оларға тікұшақ арқылы бармаса, басқа байланыс жоқ. Әрине, тұрғындар айтқан басты базына - баспана. Екіншіден, жалғыз табыс көзі - малмен ғана күн көріп отырған ауыл халқы есепсіз төрт түліктің суға кеткеніне алаңдайды.

Нартай Сәрсенғалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ол жақта үйдің бәрі саманнан салынғанын айтып отыр мамандар. Сондықтан кемінде метр су алады ол үйлерді, яғни тұруға жарамсыз. Қазір төтенше жағдай жарияланғандықтан, тендер болмайды, бір көзден мердігер тауып, тиісті қаражат бөлініп, дереу құрылыс жұмыстарын бастау керек. Төрт түлік мал бар, кейбірінде құжат жоқ. Өздері біліп, мойындап отыр. Дейтұрғанмен, біз елге сенеміз. Сондықтан қанша бас мал болды деді, сонша бас малдың қаражатын қайтарып беруіміз керек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу