Ақтөбе облысында жағдай тұрақталып келеді. Өзендердегі су деңгейі түсе бастаған. Дегенмен, жекелеген аймақтарға әлі қауіп бар. Кеше Әйтеке би ауданының Әйке ауылының тұрғындары эвакуацияланды. Біздің осы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемал қазір бізбен тікелей байланысқа қосылады, Жақсыбек, Әйке ауылындағы жағдай қалай?
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ауылда жағдай тұрақты. Үйлерге су кірген жоқ. Дегенмен, сақтық шаралары жасалып, шеткі көшелерде тұратын үш жүзге жуық тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылды.
Кеше Әйке мен Тереңсай ауылдарының ортасындағы шамамен 60 жыл бұрын салынған ескі көпірді су бұзып кеткен еді. Бірнеше күн қатынас болмауы мүмкін екені ескеріліп, аудан орталығында жұмыстары бар тұрғындар да дер кезінде бергі бетке өтіп үлгерді.
Облыс аумағынан Қорғаныс министрлігінің тікұшақтарымен 7 адам құтқарылды. Әуе қорғаныс күштерінің экипажы құтқарушылардың көмегімен екі жерден шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды тапты. Зардап шеккендер қауіпсіз жерге аман-есен жеткізілді.Қазір өңірде тасқыннан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға жоғарыда аталған Әуе қорғаныс күштері институтының екі МИ-8 тікұшағы да тартылып, олар Ойыл ауданы тұрғындарына азық-түлік, киім-кешек пен дәрі-дәрмек жеткізіп берді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бірнеше тәулік бойы қарғын судың ортасында қалған бұл ауданда жағдай қалыпқа түсе бастады. Берсиев, Көптоғай ауылдарының тұрғындары үйлеріне қайтып жатыр. Кеше өңірде шығындарды есептеу үшін құрылған комиссия жұмысын бастады.
Жақсыбек Кемал