Қостанай облысында тасқын басталғалы ресми мәліметке сәйкес 213 үйді су басып, 1300-ге жуық адам эвакуацияланды. Ондаған елдімекенмен қатынас үзілді. Әсіресе облыстың оңтүстігіндегі ең шалғай аудан – Жангелдинде ахуал оңалмай тұр. Бұл өңірде су басқан және су басу қаупі төніп тұрған елді-мекендерден тұрғындарды эвакуциялау әлі жүріп жатыр.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Алдыңғы күні ғана аман тұрған Жаркөл ауылын кеше су басты. Көпшілік қанша жанталасқанымен тасқынға тосқауыл қоя алмады. Қазір он бес шақты үйге су кірген. Алды құлап жатыр.
Тұрғындар шамалары жеткенше дүние мүлкін сақтап қалуға тырысып жатыр. Алайда азғантай уақытта жылдар бойы тірнектеп жиғанын түгелімен құрғақ жерге шығарып үлгеру мүмкін емес. Бір күнде баспанасыз қалып, барынан айырылған жұрт шарасыз күйге түскен.
Мырзағазы Амангелдин, Жаркөл ауылының тұрғыны:
Үйсіз қалдым. Үйіме су кіріп кетті. Заттармыды танысымның гаражына апарып жинап қойдым. Отбасым үш күннен бері Торғайда.
Барлық азаматтарға төтенше жағдайдан келген шығын мемлекет есебінен өндіріледі. Ең бастысы адамдар аман. Су тасқыны басталғаннан бері аудан бойынша қауіпті аймақтардан 700-ге жуық тұрғын эвакуцияланған. Олардың бәрі арнайы орындарға орналастырылды.
Арайлым Қуаныш, Көлқамыс ауылының тұрғыны:
Үйімізді су басты. Дүние мүлік түгел суда қалды. Осында келген жағдайымыз бар. Киім, төсек орын, жылы жер беріп көмектесіп жатыр. Мың да бір шүкір.
Гуманитарлық көмек те күні-түні тоқтаусыз жеткізіліп жатыр. Еріктілер тобы оны сұрыптап, мұқтаж жандарға үлестіреді.
Ерлік Қуанышұлы, ерікті:
Азық түлік жағы жеткілікті. Бізге қазір қажет боп тұрған резеңке етік, күрек, қолғап керек. Бірақ жіберіп жатыр осы өңірдің перзенттері сыртта жүрген. Елге көмек көрсетіліп жатыр.
Жангелдин ауданындағы елді-мекендер бірінші кезекте жолдардың сапасыздығынан зардап шегіп отыр. 8 ауылмен жерүсті қатынасы толық үзілді. Бос топырақты үйіп салған жолдар ми батпаққа айналып, езіліп кеткен. Көп бөлігі су астында қалды. Қазір қатынас тек авиациямен жүзеге асып жатыр. Ал Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұрақталып келеді.
Дәуренбек Әбдібек