Батыс Қазақстан облысында 5 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Олардың жартысына жуығы - бала. Эвакуациялық орталықтарда 1 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Қалған тұрғындар өз еріктерімен туыстарының үйін паналаған.
Жағдай, әсіресе, қала мен Теректі, Бәйтерек аудандарында күрделі. Шаған мен Деркөл өзені бір арнада тоғысып, Жайыққа құйып, басты күретамырдың суын молайтып жатыр. Қазгидромет мамандарының мәліметінше, екі өзендегі су шекті межеден асса, Жайықтың деңгейі дәл қазір 6 метрге жетіп тұр. Тасқын судан өзен жайылмасындағы саяжайларға қауіп төніп тұр.
Нұралы Мүсиев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
Орал қаласы аумағында орналасқан саяжай алқаптарында халықты эвакуациялау туралы ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың көбі өз көліктерімен немесе өз күшімен көшіп жатыр. Дегенмен осы саяжайларда арнайы техника дайын тұр. Жеке құрам жұмылдырылды. Қазір қажет болған жағдайда тез арада көшіруді бастаймыз.