Солтүстік Қазақстандағы тасқынның алдын алу үшін әскерилер көмекке келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы тасқынның алдын алу үшін әскерилер көмекке келді

03.04.2024

Солтүстік Қазақстан облысында 16 жол учаскесін су басты. Біреуінде көлік қозғалысы шектелді. Оқиға орнында құтқарушылар, әскерилер және полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Арнайы жасақтар қауіпті аймақта орналасқан Уәлиханов, Мүсірепов, Ақжар және Тайынша аудандарына жіберілді. Қазір табиғи апаттың алдын алу мақсатында елдімекендерде су сорылып, бөгеттер нығайтылып жатыр.


Нұрмұхамбет Құсайынов Бәйтерек ауылында тұрады. Қарғын судың үйіне кіруге шақ қалғанын айтады. Коммуналдық қызмет жұмысшылары елді мекенде күндіз-түні кезекшілік атқарып, көшелерді тазартып жатыр.Нұрмұхамбет Құсайынов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:

Мына жерлердің барлығы суға кететін еді. Мынау ойлар былтыр қар аз болғанда өзі су болған. 8- күн болып қалды-ау деймін, бұлардың жұмыс істеп жатқанына. 4 жыл болды тұрғаныма бұл жерде, бұндай қарды көргем жоқ.

Адамдар мен қорадағы малды қауіпсіз жерге орналастыратын арнайы орындар жасақталып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Ринат Шұғайыпов, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:

Ауылшаруашылық фермерлермен келісім шартқа отырғанбыз. Мына бүкіл ауылдық округтің малдарын өздерінің баздарына апарып, жем-шбімен қамтамасыз етуге.

Су тасқыны болуы мүмкін 87 елді мекен бақылауға алынды. Ірі өзен-көлдерде кептеліс болмауы үшін мұз жару жұмыстары жалғасуда. Табиғи апаттың алдын алу мақсатында облыс қазынасынан қосымша 525 млн теңге бөлінді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Мынау сары балшық пен құм қоспасы суға тосқауыл бола алады. Жыл басынан бері облыста осындай 37 мың қап инертті материал әзірленді. Су деңгейі көтеріле қалса, қаптар бөгеттерді нығайтуға көмектеседі.

Петропавлдағы Ұлттық Ұлан әскери академиясының курсанттары да бірнеше күннен бері тұрғындарға қол қабыс етуде. Олар ауыл іргесінлегі бөгеттерді бекітті.

Мейрамбек Талапкер, Ұлттық ұлан әскери академиясы оқу батальоны командирінің орынбасары:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сол себепті осы істі, осы түскен мәселелерді алдын аламыз. Мында 103 адам келдік, барлығымыз. Әскери академиядан. Осы шараны жүргізуге.

Жыл басынан бері өңірде 1,9 млн текше метр қар шығарылды. Көше, үйлердің аулаларынан 170 мың текше метр су сорылды. Бұл соңғы 7 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Хабарламаларға жазылу