Абай облысы Көкпекті ауданында қауіп сейілді. Қазір ауданда су басқан аулалар мен тұрғын үйлер жоқ. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев өңірге арнайы барды. Көкжайық ауылындағы жедел штабтың жұмысына қатысып, қабылданатын шараларды талқылады.
Тасқын су Көкжайық, Биғаш, Шұғылбай ауылдарына қауіп төндірген. Көкжайық ауылындағы 15 үйдің ауласына су жайылған. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қазір елді мекенде жағдай тұрақталды.
Маржан Бекішева, Көкжайық ауылының тұрғыны:
Мазамыз кетіп ауылымызға су келуін келді. Мына жағаға дейін келді. Достық көшесінен 13 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Су келе жатыр дегенге үш күндей қорқыныш болды. Ұйықтай алмадық. Алдын ала шаралар қолданылып ауылымыз аман қалды.
Қазір Төтенше жағдай қызметі мен жергілікті әкімшілік Шұғылбай ауылына негізгі күшті жұмылдырған. Елді мекеннің бірнеше көшесіне өткен түнде тасқын су жайылған. 30 дан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ауылға кіре беріс жолды жырып, ағын судың арнасы бұрылған. Қазір қауіп сейілді дейді мамандар.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары:
Үйлерге су кірген жоқ. Осы жағалаумен өткізіп бір-екі жерден жолды бұздық. Өйткені қауіпті болғаннан кейін. Ауылдың шаруақожалықтарының техникасы, облыстан келген техникалар жұмыс атқарып жатыр.
Ауданға көмекке Алматы облысынан әскерилер келіп, тасқынға тосқын болуға қол ұшын беріп жатыр.
Нұрлан Жапаров, 2837 Әскери бөлімінің рота командирі:
Сегізінші күн. Осы жерде халыққа көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Суларды тоқтату. Адамдарға көмек көрмек көрсету зардап шеккен. Су арналарын бұру, тазалау. Сондай жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Көкжайық, Ақой, Үлкенбөкен, Приображенка, Теректі, Шұғылбай және Тассай ауылдарының аумағын облыс басшысы тікұшақпен әуеден бақылады. Су деңгейі мен бөгетерге тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін 4 гидробекет ұйымдастырылған.
Ержан Жақып