Алматы облысында 94 млн теңгеге салынған ғимараттың қабырғалары жарылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 94 млн теңгеге салынған ғимараттың қабырғалары жарылып кеткен

04.04.2024

Алматы облысында 94 млн теңгеге салынған полиция бөлімшесінің ғимараты ортасынан қақ жарылып кеткен. Нысанның пайдалануға берілгеніне екі-ақ ай болған. Тапсырыс беруші - Талғар ауданының құрылыс бөлімі /мердігер компаниядан/ былтыр жыл соңында қабылдап алған. Мұнда Талғар ауданы, Алатау селолық округіне қарайтын 5 учаскелік инспектор отырады. Тәртіп сақшылары қабырғадағы жарықтар күн жылынғалы пайда болғанын айтады. Қазір ғимараттың не себепті бүлінгенін анықтау мақсатында комиссия құрылып, сараптама тағайындалды.

Әсет Боранғазинов, мердігер компанияның өкілі:

10 жылдан бері құрылыс саласында жүрміз. Осындай бір қабатты ғимараттың жарылуы тәжірибемізде бірінші рет. Проектіден ауытқыған жоқпыз. Қай жерге қандай бетон құйылуы керек, қандай арматура салынуы керек бәрі проектімен істелінді. Оған куәгер технодзор мен авторлық қадағалау.

Сәбит Тұрсынов, Талғар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Мердігер мекеме бар. Авторлық қадағалау, техникалық қадағалау және біз бар келіп, көріп, протокол жасалып, нақты тапсырмалар берілді. Тәуелсіз сараптама жүргізетін мекемелерді тартып, сараптама жүргізу қажет. Олардың шыққан қорытындысы бойыншы ары қарай мердігер компания өз қаражаты есебінен жұмыстарын жалғастырып, қалпына келтіру жұмыстарын жасайды.


Хабарламаларға жазылу