«Terra Motors» компаниясының қызметкерлері екі күндік жалақысын тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға аударды. Ал «ҚазМұнайГаз» еліміздің бірнеше аймағында қызыл судың салдарымен күресіп жатқан мамандарды жанармаймен қамтамасыз етіп жатыр. Ұлттық компанияға қарасты бірнеше мекеменің қызметкерлері бір күндік жалақысын су шайған елді мекендердің тұрғындарына көмек ретінде аударды. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жедел штаб құрып, 150 қызметкері мен арнайы техникаларын тасқын салдарымен күресуге жұмылдырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге барынша көмек көрсетуге шақырған болатын. Оны «Қазақстан Петрокемикал Индастрис» та қолдап отыр. Компания Атырау облысында су шайған елді мекендердегі халыққа гуманитарлық, қаржылай және әлеуметтік қолдау көрсетуге дайын. «Қазақстан халқына» қоры да жалпы сомасы 5 млрд теңгеге 200 үй салуды қаржыландыратынын мәлім етті. Жалпы, тасқыннан зардап шеккендерге Үкіметтен 26 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірлердің жергілікті бюджетінде сақтаулы тұр. Апат залалының нақты көлемі әзірге белгісіз. Дегенмен, үйсіз, малсыз қалғандардың ешқайсысы көмексіз қалмайды. Қаржы министрінің айтуынша, егер жергілікті бюджет жетпесе, тағы қосымша қаражат бөлінеді.
Қаракөз Тұрмағанбет