Ақтөбе облысында тасқын кезінде бұзылған бөгетке қатысты мердігердің үстінен іс қозғалды. Әйтеке би ауданының Талдысай ауылында орналасқан бұл нысан ағын судың екпініне шыдас бермеген.
Тұрғын үйлерге қауіп төнгендіктен 927 адам қауіпсіз жерлерге көшірілген еді. Бөгет бұзылғаннан кейін Ырғыз өзені арнасынан асып, 78 баспанаға су кірді. Он үй қираған.
Сондай-ақ, электр және газбен жабдықтау желілері зақымданып, Жүргенов ауылы жарық пен сусыз және көгілдір отынсыз қалған еді. Бұл бөгет былтыр ғана жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Алайда, тасқынға шыдас бермей, жүздеген тұрғынның өміріне қауіп төнді. Сондықтан Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша іс қозғалды.
Өркен Ещанов, облыс прокурорының көмекшісі:
Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ММ мен «СК Гранд каналы» ӨК арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, бөгетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Алайда, су тасқыны нысанның талапқа сай салынбағынын әрі міндетін дұрыс атқара алмайтынын дәлелдеп берді. Салдарынан тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, Т.Жүргенов атындағы ауыл ұйымдарына елеулі зиян келтірді.
Жақсыбек Кемал