Қостанай облысында тағы үш әкімшілік аумақта төтенше жағдай жарияланды. Қостанай қаласы мен Қостанай және Қарасу аудандары. Сөйтіп, облыста төтенше жағдай жарияланған өңірлер саны алтауға жетті. Кешеден бері Тобыл өзені арнасынан асып жатыр. Себебі, осы өзеннің бойындағы қоймалар лық толғандықтан, жіберілетін су көлемі 2600 текшеметрден асқан. Салдарынан, өзен жағалауындағы бірнеше ауыл мен Рудный, Қостанай қаларының шеткі көшелерін су басуы мүмкін. Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен облысқа Төтенше жағдай миинстрі Шыңғыс Арынов келді. Министр аймақ басшыларымен бірге эвакуациялық пункттерді, су басқан учаскелерді аралап, бөгеттер мен көпірлердің жағдайымен танысты.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Қауіп әлі бар. Тасқын шырқау шегіне жеткен жоқ. Біздің есебімізше судың ең қатты қарқыны осы тәулікте өтеді. Сондықтан алдағы түн ең қиын кезең болады. Бұл ұзақ жылдан бері ешкім көрмеген жойқын апат. Барлық тиісті шаралар атқарылып жатыр. Қандай қиын жағдайда да жедел әрекет етуге әзірміз.
Дауренбек Әбдібек