Елдегі су тасқыны жағдайы – штабтың тұрақты бақылауында. Қазір 10 облыста төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Республика бойынша 15%, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде шамамен 40% аумақты қар басып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен өткен республикалық штабтың көшпелі отырысында айтылды. Жиында Үкімет басшысы, әрі штаб жетекшісі министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді.
Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтардағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды, атап айтқанда, ауыз судың сапасын бақылауды күшейтуі керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермей, үй және жабайы жануарларға қажетті ветеринариялық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Ішкі істер министрлігі эвакуацияланған халықтың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Әкімдіктер эвакуациялық пункттердегі халықты қажетті барлық затпен қамтамасыз етіп, қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде оларды уақытша орналастыру мәселесін пысықтауы қажет, - деді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі – Штаб Жетекшісі:
Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін барынша жоғары дәрежеде қамтамасыз ету қажет. Адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек қана емес бензин мен дизел отыны да керек. Кей жерлерде азық-түлік бағасының қымбаттағаны байқалып жатыр. Осындай ақпарат менде бар. Осы бағытта бақылауды күшейту керек. Бағаны заңсыз көтеру фактілерінің жолын кесу керек. Қазір бірқатар өңірде шығындарды төлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысты еш бюрократиясыз жүргізу қажет. Барынша жедел жүргізейік. Әкімдер жағдайды ерекше бақылауда ұстасын.