Еліміздің 7 облысында үш жарым мыңнан астам үй су астында қалды. Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабта Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері хабарлады. Ал су тасқыны басталғалы 76 мыңдай адам құтқарылып, қауіпсіз жерлерге көшірілген. Оның 18 мыңнан астамы бала. Қазір Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары республикалық штабтың бақылауында. Бұл өңірлерде тасқынға қарсы 16 мыңнан астам адам мен екі мыңдай техника жұмылдырылған. Құтқару жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Ал көлік қатынасынсыз қалған 65 елдімекен бақылауда, дейді мамандар. Ал Қаздиромет мамандарының айтуынша, бүгін және алдағы күндері еліміздің орталығы мен солтүстігінде қатты жауын жауады. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары сақ болуға және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып отыр.
Ерасыл Сайпаш, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:
Құлақтандыру дабылын алған кезде көршілеріңізге ескертіңіздер, мүгедек адамдар мен балаларға көмек көрсетіңіздер. Нұсқаулықты қатаң орындаңыздар. Киім-кешек, азық-түлік қорын, дәрі-дәрмекті алдын ала дайындаңыздар. Құжаттарды су өткізбейтін пакетке салыңыздар. Электр энергия көздерін тоқтан ажыратыңыздар. Газды өшіріңіздер.
Досжан Маратұлы