Өңірдегі жалпы ахуалды тарқатып айту үшін әріптестерім қазір тікелей байланысқа шығып отыр. Қазір тасқыннан зардап шеккендерге мемлекеттен бөлек Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар көмек қолын созуға асық. Лек-легімен жүктер тиелген көліктер мен ұшақтар Атырауға келіп жатыр. Мәселен бүгін күндіз 30 тонна қажетті заттар келген. Толығырақ гуманитарлық жүк жинау орталығында тұрған әріптесім Жандос Темірғали баяндайды.
Жандос Темірғали, тілші:
Қазір мұнда жұмыс қайнап жатыр. Арнайы штаб бар. Оның құрамындағы 100-ге жуық волонтер екі ауысыммен тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеуде. Олар тапсырылған заттарды сұрыптап, буып түйіп, жолға дайындап жатыр. 3 күннің ішінде пунктке бас-аяғы 45 тонна гуманитарлық көмек жиналған. Оған дәл осы сағаттағы есеп бойынша 4 мыңға жуық адам үлес қосты. Көмектескендердің саны әлі өзгереді Себебі, көмекке асыққандардың қарасы көп. Жүк Шымкент пен Алматы қаласынан да жеткізілген. Штаб 4 секторға бөлінген. Гуманитарлық көмектің ішінде азық түліктен бастап, көшпелі асхана мен үрмелі қайыққа дейін бар. Тіпті, су соруға арналған техникалар да жеткізілген. Әрі бұл жерден Жайық жағасын бекітіп жатқан еріктілерге де күрек, арба, қапшық секілді құрал жабдықтар үлестіріледі. Қазір менің жанымда игі іске білек сыбана атсалысып жүрген ерікті Асухан тұр. Асухан, жүк көп, жұмыс қауырт. Елдің аманатын үлестіру қалай жүзеге асып жатыр?
Асухан Назымбеков, волонтер:
Гуманитарлық көмектің 24 тоннасы құлсары тұрғындарына жеткізілді
Жандос Темірғали, тілші:
24 тон гуманитарлық жүктің 2 тоннасы Теңіз кенішіндегі Вахталық қалашықтарға орналасқан тұрғындарға үлестірілді. Пункт жұмысын әлі де жалғастырады. Өйткені, жолда Ақтөбе, Астана мен Қырғызстан халқының аманаты келе жатыр. Ақтөбе жөнелткен гуманитарлық көмек таңертең осы жерге жеткізіледі.
Жандос Темірғали