Тобыл өзені деңгейінің көтерілуі тоқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тобыл өзені деңгейінің көтерілуі тоқтады

08.04.2024

Қостанай облысында бүгін Тобыл өзенінің деңгейі көтерілуі тоқтады. Алайда қауіп толық сейілген жоқ. Ал Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы ауылдардан су қайтып, қауіп сейілгесін тұрғындардың алды тікұшақпен үйлеріне орала бастады. Дегенмен Торғайдың Ақтөбе облысымен шектесетін тұсындағы Түйемойнақ ауылы мен Қарғалы қыстағын су басқан. Ақшығанақ ауылына да қауіп төніп тұр. Тобыл өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Тасқын басталғалы облыс бойынша шамамен 300-ден астам үйді су басқан. Тыныш жатқан Тобылдың арнасынан асуына Қаратомар қоймасынан жіберілетін судың көлемі секундына 3300 текшемтерге жетуі себеп. Бұл мөлшер кешеден бастап төмендеп, қазір секундына 2600 текшемерге азайды.

Сергей Мұқашев, Тобыл-Торғай су бассейні инспекциясының бөлім басшысы:

Бізде бар мәліметке сәйкес Заречный, Әлжанов ауылдарында үйлерден су 4 метрге дейін шегінген. Су қоймаларының жағдайы қалыпты, ешқандай қауіп жоқ. Синоптиктер алдағы күндері жауын шашын көбейеді деп отыр. Сондықтан қоймадан жіберілетін суды қалыпты деңгейге түсіруге ерте.

Амангелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу