3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пунктеріне орналастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 мыңға жуық бала уақытша орналастыру пунктеріне орналастырылды

08.04.2024

Су басқан аймақтардағы 3 мыңға жуық бала дәл қазір уақытша орналастыру пунктерінде. Біразы Республикалық маңызы бар инновациялық мектеп-лицейлерінің жатақханаларына жайғасты. Оқу-ағарту министрлігі қашықтан оқу үшін оларға қажетті оқу құралдары үлестірілгенін жеткізді. Алдағы уақытта ең көп зардап шеккен өңірдің оқушылары үшін сауықтыру орындарына жолдама беріледі.

  Мереке Амангелдіқызы, Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:

Маңғыстау облысының қосымша 28 білім беру ұйымы Атырау облысының Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындарды қабылдайды. Су тасқыны жағдайы байқалатын өңірлерде барлығы 127 білім беру нысаны тұрғындарды уақытша орналастыру пунктері болып белгіленді. 20 мыңға жуық білім беру қызметкері су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде қатысады, олардың 10 мыңнан астамы эвакуация пункттерінде жұмыс істеуде.

3 мың дәрігер мен 300 жедел-жәрдем бригадасы апат болған аймақтарда жүр

Су басқан өңір тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету жалғасып жатыр. 3 мың дәрігер мен 300 жедел-жәрдем бригадасы апат аймақтарында жүр. Денсаулық сақтау министрлігі, қажет болған жағдайда олардың санын көбейтеміз деп отыр. Ал су тасқыны кезінде болатын инфекция бойынша жағдай әзірге тұрақты.

  Әйкерім Оразалиева, ҚР ДСМ ресми өкілі:

Барлық нысанда жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында СЭС органдарымен ауыз сумен жабдықтауды бақылау күшейтілгенін ерекше атап өтемін. Санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге ауыз су сынамаларын іріктеу және зерттеу тұрақты негізде жүргізіледі. Судың сапасы мен қауіпсіздігін зертханалық бақылау нәтижелері бүгінгі күні жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі жоқ екенін көрсетеді. Су тасқыны кезінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу және су басқан учаскелерде аса қауіпті және жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету үшін өңірлерге Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары жіберілді.

Тәуірбеке Бозекен


Хабарламаларға жазылу