Әлемнің бірқатар елінде де дауыл мен тасқын болып жатыр. Ресейде су басқан үй саны 10 жарым мыңға жақындады. Осындай апатқа Австралияның Сиднейі деп тап болған. Ал Британия мен Ирландияда алапат дауыл соқты. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Ресейде қар тез еріп, өзендер арнасынан асып, мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшіп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, елдің Орал, Сібір, Еділ және орталық аймақтарындағы 39 облыста 10400-дей үйді су басқан. Орал тауларынан бастау алып, Каспийге құятын Жайық өзені жұма күні бірнеше метрге көтерілді. Соның салдарынан Орынбор облысындағы Орск қаласында дамба жарылды.
«Кэтлин» дауылы күшейді
Ал Ирландия мен Ұлыбританияда ойран салған Кэтлин дауылы күшейе түскен. Сұрапыл жел сағатына 110 шақырым жылдамдықпен соғып тұр. Осыған байланысты екі елдің әуежайларында ұшақ рейстері доғарылды. Ал Мэн аралында ауа-райының қолайсыздығына байланысты сары түсті ескерту жарияланған. Себебі мұнда бүгін және ертең жауын төпелеп, су тасуы ықтимал.
Сиднейде жүздеген адам үйлерін тастап кетті
Австралияның Сиднейінің солтүстік-батысында жүздеген адам үйлерін тастап кетті. Халықтың қауіпсіз жерге көшуіне жауыннан кейін басталған алапат тасқын себепші. Бүгін Британияның «Гардиан» газеті хабарлағандай, эвакуациялану жөніндегі бұйрық Сиднейдің өзінде ғана емес, оның маңындағы бірнеше қалашықта да әлі күшін жойған жоқ.
Арыстан Рысбек