Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің жағасын бекіту жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің жағасын бекіту жалғасып жатыр

08.04.2024

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің жағасын бекіту жалғасып жатыр. Мамандардың болжамы бойынша, осы аптада өңірге Ресейден түсетін мол судың алды келе бастайды. Ал өңірде осыған дейін тасқын судан зардап шеккендерге еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек жеткізілуде. Әріптесім Ардақ Мұратқызы рет-ретімен.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Жайық жағасында Стелла аумағында тұрмыз. Өзен жайылып, мына дәмхананы су басқан. Жайық деңгейі дәл қазір 705 см-ге жеткен. Мәселен, біз алдында ана жағалауда стандап жасаған едік. Қазір ол аумақ мүлдем көрінбейді. Су Ротонданың ортан белінен келіп тұр.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

Ирикла су қоймасының бүгінгі күнгі төменге су тастау мөлшері - секундына 1680 текше метр. Сәуір айының 15-і мен 20-сы аралығында сол судың келгенін күтеміз. Қауіп әлі бар. Соған орай барлық жағдайға дайын болу керек.

Мінекей, мына жерге Жайықтың суы келіп жатыр. Ал ана жақта үйлер бар. Қауіптің алдын алу үшін қазір екі ортаға топырақтан бөгет салынып жатыр. Бұл қаланың Коминтерн аумағы. Жалпы шаһарда осындай 6 аумақта өзен жағасындағы бөгеттерді биіктету, құм салынған қапшықпен бекіту жұмысы жүріп жатыр. Оларға жан-жақтан келген ерікті азаматтар, күштік құрылымдар, әскерилер, әрине, оралдықтардың өздері де жұмылдырылған.

Айдос Дүйсенғалиев, студент:

Университетімізге хабарластық. Осындай көмек қолын созсақ, қалай болады деп. Себебі денсаулығымыз мықты, шүкір. Тек қана білім алып емес, халыққа қазірден пайдамыз тисін деп осындай көмекке келіп жатқан жайымыз бар.

Мінекей, дәл қазір Алматы қаласынан Оралға гуманитарлық көмек келіп жетті. Мұнда азық-түлік, төсек орын және киім-кешек бар. Еріктілер, соның ішінде колледж жастары жүкті көліктерге тиеп жатыр. Содан кейін гуманитарлық көмек штабқа апарылады. Жалпы көмек жан-жақтан келіп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен басқа да өңірлерден жағдайға бей-жай қарамайтын жұрт жәрдем беруден тыс қалып жатқан жоқ./

Аслан Тапишев, облыстық Азаматтық Альянс президенті:

Азаматтық альянс осы гуманитарлық көмектерді қабылдау бойынша штаб құрдық. Оған дейін өңірдің барша қайырымды жандарымен, еріктілермен 240 тонна көмек жеткізілген болатын. Алдағы күндері Алматы облысы, қырғыз бауырларымыз да ұйымдастырып жіберіп жатыр. Осы аманатты халыққа жеткіземіз.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу