Ақтөбе облысы бойынша 2 мыңға жуық тұрғын үйге су кірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы бойынша 2 мыңға жуық тұрғын үйге су кірді

09.04.2024

Ақтөбе облысы бойынша 2 мыңға жуық тұрғын үйге су кірді. Әлі 11 елдімекенге жол жоқ. Ойыл ауылындағы көпірдің бұзылуы салдарынан тұтас бір ауданға көлік қатынасы тоқтап тұр. Жұртшылық өзеннің арғы бетіне қайықпен немесе тікұшақпен ғана өте алады. Жағдайды Жақсыбек Кемал көзімен көріп келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Біз 1,5 сағат бұрын Ақтөбе қаласынан Қорғаныс министрлігіне тиесілі тікұшақпен Ойыл ауданына ұшып шыққан едік, міне діттеген жерімізге жақындадық. Әсіресе, Екпетал, Берсиев ауылдарына қаншалықты залал келгенін осы биіктен анық көруге болады.

Ойыл ауданы бойынша 340 үйге су кірген. Тек Берсиев ауылындағы 250-ден астам баспананың тоқсан пайызы тұруға жарамсыз. Қазір тасқын кезінде эвакуацияланған тұрғындар оралып, жоқтарын түгендеп жатыр. Дүние-мүліктен ғана емес, төрт түліктен де шығын көп.

Ботагөз Қалмағамбетова, ауыл тұрғыны:

Түгел кетіп тұр ғой, Берсиев ауылымыз түгел кетіп, үйіміз, қорамыз, асүйіміз, отырған жаз үйіміз – барлығы құлады енді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

16 мың тұрғыны бар ауданға көлік қатынасы тоқтаған. Қазір тұрғындар арғы бетке тек мына қалқымалы көпірмен ғана өтіп жатыр. Бұл нысан бір мезетте 60 тонна жүк көтере алады.

Дінислам Қалибеков, понтонды-көпір батальонының рота командирі:

Осы уақытқа дейін шамамен 450 адам өткізілді, оның ішінде 12 тоннадай жүк өтсе, оның ішінде азық-түлік алты тонна және басқа заттар 7 тоннадай бар.

Ауданды облыс орталығымен жалғайтын көпірдің қашан жөнделетіні белгісіз. Қазір тек сараптама жасалып жатыр. Сондықтан негізінен әскери мақсатта қолданылатын бұл паром аудан тұрғындарына бірнеше ай бойы қызмет көрсетуі мүмкін. Қазір ауданда комиссия келген шығын көлемін есептеуге кірісті.

Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:

Құжаттар міне, дайындалып жатыр. Облыста да сол, құрылыс компанияларымен келісім жүріп жатыр. 150 отбасы қалды үш эвакуациялық пунктте.Тамақпен, бәрімен қамтамасыз етіп жатырмыз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал біз қазір аудан орталығының шетінде тұрмыз. Бұл аумақтан 200-ден астам жер учаскесі бөлінген. Инженерлік желілері толықтай келіп тұр. Мұнда Екпетал ауылындағы 66 отбасыға үйлер салынады. Ал, Берсиев ауылының тұрғындары әзірге көшіп келуге қарсылық білдіріп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу