Белгісіз диагноз: 11 жастағы баланың ауыз қуысына шаш өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгісіз диагноз: 11 жастағы баланың ауыз қуысына шаш өскен

09.04.2024

Елордада 11 жасар оқушының ауыз қуысына шаш өскен. 14 наурыз күні жеткіншек тамағының ауыратынын анасына айтқан. Бастапқыда суық тиді деп ойлаған Ақмарал Шалабаева бір күн өткеннен кейін қызының ауыз қуысында шаштардың өскенін байқап, дереу жедел жәрдеп шақырып, дәрігерлерге жүгінген. Мамандар бірден баланы Астанадағы нөмірі екінші клиникалық ауруханаға жеткізіп,ауыз қуысындағы шаштың біразын пинцетпен жұлып, кейін сараптамаға жіберген. Алайда, ақ халаттылар болған жайтқа таңқалып отыр. Өйткені сирек кездесетін бұл аурудың түрі елімізде бұрын сонды тіркелмеген көрінеді. Алты баланың анасы Ақмарал Шалабаева бұған дейін қызының ауырмағанын айтады.

Ақмарал Шалабаева, анасы:

Тамағын жарыққа қараған кезде жан-жақтан жүндер өсіп тұрды. Мен қорқып кеттім. Бірден жедел жәрдемге хабарластым, ол кісілер бізді келіп қарады. Мұндай біздің практикамызда осындай жағдай болмаған деп. Былай қараған кезде 5 мм шығып тұрады, ал созылғанда 2 см созылады. Тамағынан бұрын тістің араларында болды шаштар. Кеше қараған кезде шаштарының 3-4 өсіп тұрды. Мен ойладым осы алынғаннан кейін, басқа өспейтін шығар деп. Бірақ, өкіншіке рай болып тұр.

Айжан Ақай, Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Лор дәрігері, эндокринолог және де басқада бейінді мамандардың қаралуында болды. Қазіргі таңда диагностикалық тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, әліде дәрігерлер белгілі бір болжау, белгілі бір диагнозға, шешімге келген жоқ. Сондықтанда қыз үнемі дәрігерлердің бақылауында және тиісті медициналық көмек көрсетілетін болады.

Бүгінде Ақмарал баласының сараптама қорытындысын анықтау үшін Америка, Ресей және Қытай мен Испанияға жіберген. Әзірге Қытайдан ғана жауап келіпті. Айтуларынша, бұл өте сирек кездесетін жағдай, ота жасап алып тастаған күннің өзінде, одан кейін де емін жалғастыру керек екен. Жалпы, әлемдік медицина мамандары бұл аурудың әлі диагнозын, атауын-түрін таппай отыр. Бүгінге дейін мұндай жайт Ресей мен Италияда тіркелген.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу