Түркістан облысы тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 400 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 400 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті

10.04.2024

Түркістан облысы тасқын судан зардап шеккен өңірлерге 400 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті. Аймақта әлі де еріктілер мен ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен жеке кәсіпкерлер жылу жинап жатыр. Игілікті іске жұмылған Келес ауданының жұрты батысқа үшінші рет жүк көлігін аттандырды. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Келес аудандық жастар орталығында істейтін Нариман Мархабаев тасқын болған алғашқы күннен бастап гуманитарлық көмек жинауға қолғабыс етіп жүр. Кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатқа жастар дүкеннен қажетті заттарды алып, бәрін көлікке тиеп, батысқа жөнелтеді.

Нариман Мархабаев, Абай ауылының тұрғыны:

Біз орталық мешіттің алдында сол арту, тиеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Ол уақыт таңдамайды, күн демей, түн демей. Ол жаққа күрек керек болуы мүмкін, болмаса резеңке етіктер. Сол сияқты аса бір заттарды өзіміз сатып алып, жаңағыдай фураға артамыз. Берілген ақшаларға ең қажетті деген заттарды.

 Қайырымдылық жасаудан қарапайым халық та, қалталы азаматтар да шет қалмауда. Ісмер Ұлбосын Рүстемова жастық пен төсеніш бұйымдарын тігіп, Ақтөбе, Атырау облыстарына жөнелтпек. Бұл бастаманы өзге тігінші қыз-келіншектер де бірден қолдап, барынша атсалысты дейді ол.

Ұлбосын Рүстемова, жеке кәсіпкер:

Ел болып, халық болып, өте бір қолдайтын жағдай шыны керек. Сондықтан кішкентай болса да көмек берсек, бір отбасыны көрпе төсекпен қамтысақ та әйтеуір шама шарқымыз келгенше үлесімізді қоссақ дейміз.

Көптің қолдауымен іске асып жатқан игілікті іске жас та жасамыс та үн қосуға әзір. Жұмыстан кейін мұнда мемлекеттік қызметшілер де көмектсуге келеді. Ұйымдастыру жұмыстарына аудан әкімінің өзі жауапты.

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі:

Келес ауданы әкімшілігі аппаратының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер де өз үлестерін қосып жатыр. Ауданымыздың атынан азық-түліктер, көрпе төсек, тағы да қажетті заттарды жөнелттік.

Аудан халқы бұған дейін гуманитарлық көмек тиелген екі жүк көлігін бастыс өңірлеріне жөнелтті. Енді солтүстіктегі ағайынға көмек қолын созбақ. Қазір су басқан аймақтарда құрылған штабтармен байланысып, қажетті заттардың тізімі жасақталуда.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу