Петропавл қаласының басым бөлігі ауыз сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавл қаласының басым бөлігі ауыз сусыз отыр

12.04.2024

Петропавл қаласының басым бөлігі ауыз сусыз отыр. Оған тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Қызылжар су мекемесінің жарықсыз қалуы себеп. Қазір өңірдегі әріптесім Эльмира Кәленова студиямен тікелей байланыста. Эльмира, апат неден болды?

Эльмира Кәленова, тілші:

Альбина, мұз көшкіні электр бағандарын зақымдаған. Салдарынан мамандар Қызылжар су мекемесінің сорғы станциясын тоқтан ажыратуға мәжбүр болды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал біз Қызылжар ауданының Тепличное ауылынан тікелей байланысқа шығып тұрмыз. Елді мекеннің іргесіндегі бөгетті су шайып кетті. Оны қалыпқа келтіру мүмкін емес. Әскерилер инертті материалды қаптарға толтырып, суды басқа жақтан бөгеуге тырысып жатыр. Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Су ауыл шетінде орналасқан үйлерге жақындап қалды. Елді мекен тұрғындарының бірінен сұхбат жазған едік.

Виктор Самоволов, ауыл тұрғыны:

Эвакуация жасаңдар, дейді. Қайда барамыз? Бар жиған мүлкіміз осында. Қаладағы пәтерімді сатып, осы жерден үй алдым, кәсіп аштым. Цехта несиеге сатып алған қымбат қондырғылар тұр. Оны ешқайда әкете алмаймын.

Елді мекенде эвакуация жалғасуда. Таңертең жауапты органдар тұрғындарға екі сағат ішінде үйлерін тастап кетуге нұсқау берген болатын. Алайда оны елемей жатқандар көп.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу