Оралда Жайық деңгейі сәт санап көтеріліп келеді. Қазір басты күретамырдың арнасы аймақтағы кіші өзендер мен сай-саладағы еріген қар суымен толығып жатыр. Ал Орынбордан келетін нөпір су елге әлі жеткен жоқ. Өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы бізбен тікелей байланысқа шықты. Ардақ, қаладағы қазіргі жағдай қалай?
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Жайықтың жағалауында тұрмыз. Өзен арнасы күн сайын кеңейіп жатыр. Жайықтың қазіргі деңгейі 737 см. Жалпы салыстыру үшін, су деңгейі қыста өз арнасында 133 см болған. Содан бері, мінекей, 6 метрге көтеріліп, мына біз тұрған жағалауды су басты. Қазір шаһарда бөгеттерді биіктету күшейтілді. Жұмыс күні-түні жүріп жатыр. Саяжайлардағы 830 үйді су басты. Бірақ тұрғындар алдын ала эвакуацияланды. Жалпы Жайықтың жағасындағы бау-бақша серіктестіктерінде 5 мыңдай адам тұрып жатыр. Әлі де ондаған саяжайды су басу қаупі бар. Өзендегі су келуін бақылау үшін 6 жерге арнайы күзет қойылды. Шаһардағы 14 эвакуациялық орталықта 1600-дей адам тұрып жатыр. Олардың жартысына жуығы - бала. Қауіп күшейген уақытта 2500 орын резервте бар. Біз қала әкімінен алдын ала сұхбат жазып алған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
Миржан Сатқанов, қала әкімі:
Осал жерлеріміз бұл - қаланың ортасы, Курени, Коминтерн және осы жерлер. Осы бағытта 5 жерде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаланың ең жоғарғы жағы - Желаев, Ет комбинаты, Ремзавод - ол жақтарда отметка 36 метр. Ең аласа жақтарында - 32, 33 метр. Осыларды ұлғайтып жатырмыз.
Жалпы облыс бойынша 1200-ге жуық үй су астында қалды, олардың жартысы - тұруға жарамсыз. Орал қаласында және 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Ардақ Мұратқызы