Атырауда Жайық жағалауын бекітуге 7 мыңдай адам жұмылдырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Жайық жағалауын бекітуге 7 мыңдай адам жұмылдырылды

13.04.2024

Атырауда 100 шақырым Жайық жағасының тең жартысынан астамы бекітілді. Тасқынға қарсы қарекет етіп қалу үшін шамамен 10 күндей уақыт бар. Қазір өңірде бөгет салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мұғалімдер мен өңірдегі шетелдік жұмысшылар да қатарға қосылды.

Жандос Темірғали, тілші:

Жайық жағалауындағы 107 учаскеде 3 мыңға жуық түрлі мекеменің қызметкерлері мен 4 мыңдай ерікті жаға бекіту жұмысына атсалысып жатыр. Қазір біз орталықта орналасқан секторда жүрміз. Бұл жерде арнайы мынандай етіп дуал полиэтилен пакетпен қапталып, кейін осылай үш қатарға еріктілер былай қапты алып, қойып жатыр жағаға.

Джон 3 күннен бері жаға бекіту жұмысында жүр. АҚШ-тың оңтүстік Луизиана штатынан келген маман, мұнай компаниясында жұмыс істейді. Тасқынға тосқауыл қою үшін шетелдіктерден құрылған бастамашыл топтың ұйымдастырушысы. Өзімен бірге 60-шақты әріптесін ерте шыққан.

Джон Фелл, «Теңізшевройл» компаниясының стратегиялық сұрақтар жөніндегі кеңесшісі:

Біздің Луизиана штатында жылына 3-4 рет су тасиды. Сондықтан тасқынмен күресте біраз тәжірибем бар. Бар білетінімді Жайық жағасын бекітуде пайдаланып жатырмын. Атырау менің екінші үйім болып кетті. Отбасым да осында. Осы жердегі жұмысты аяқтап болған соң, тұрғын жайымды қорғауға барамын.

Джонмен бірге Абай атындағы білім ордасының ұстаздары да тасқынға қарсы қарекет етіп жатыр. Қала мектептері онлайнға көшкелі, мұғалімдер ерікті түрде Жайық жағасын бекітуге кіріскен. Жалпы еліміз бойынша 26 мыңға жуық білім беру қызметкері су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуда.

Әйгерім Қауен, Абай атындағы №15 орта мектеп мұғалімі:

Түске дейін оқушыларға онлайн түрінде тапсырмасын береміз. Ал, түстен кейін кеп осында жұмыс жасаймыз. Ерікті түрде кеп жатырмыз. Қазіргі уақытта осы қапшықтарға топырақты толтырып, жіппен байлап, осы жерге дайындап қойып жатырмыз.

Ал, бұл – Дамир. Жасы 11-де. Жеткіншек – гуманитарлық пункт орталығында волонтер болып қызмет етіп жүр. Келген заттарды ыңғайлап, жеңілдерін тасып көмектеседі. Қазір пунктен 180 тонна жүк тасқыннан зардап шеккен Құлсарылықтарға жеткізілді. 220 тоннасы қоймада әзір тұр.

Дамир Жалғас, волонтер:

Бос уақытымда осында келіп жұмыс жасаймын. Ағалар не айтады соларды тасимын. Қазір май тасып жатырмын...

Қазір жаға бекітуден бөлек Жайықтың Каспийге құяр сағасында тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзен табаны 2 метрге дейін қазылады. Бұл - келген нөпір суды Жайықтан теңізге кедергісіз ағызып жіберуге мүмкіндік береді. Жалпы тасқынмен күреске 800 дей техника жұмылдырылған.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу