Ақмола облысында Сарқырама өзені арнасынан асып, Сандықтау ауданына қарасты Каменка ауылындағы 20 баспанаға су кірді. Қауіпті аймақтан 80 адам шұғыл эвакуацияланды. Олар қазір туыстарының үйлерін паналап отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қауіп әлі де бар. Арнайы штаб жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ, Атбасар ауданында да Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, Самарка ауылынан бір тәулікте 53 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 25 бала. Қазір тасқынның салдарымен күресуге және апаттың алдын алу жұмыстарына қажетті күш-құрылымдар жұмылдырылды.
Ұмсындық Наурызбаева